×

«Басшылардың әжетханасына дейін жуамыз». Түркістандық балабақша қызметкерлері шу шығарды

Мекеме басшысы ұжымды жергілікті билік өзіне әдейі қарсы арандатып отырғанына сенімді

 Еркеғали Болатұлы 16.02.2023 | 10:10
фото: baigenews.kz

Түркістан қаласында «Бөбек» мемлекеттік балабақшасының қызметкерлері бала тәрбиелеудің орнына басшылардың үйін тазалайтындарын айтып шағымданды.

Айтуларынша, меңгеруші жұмыс уақытында тәрбиеші мен бала күтушілерді лауазымды басшылардың үйін жинатуға жіберетін көрінеді. Ал 2 жыл бұрын тағайындалған мекеме басшысы мұны жоққа шығарып, ұжымды жергілікті билік өзіне әдейі қарсы арандатып отырғанын айтқан.

Біз салықтың, сосын еңбек инспекциясы бастығының, Қамбар Асылбеков деген кісінің үйін жинадық. Кірін, әжетханасын жу, ас үйін тазала дейді. Арасында видеоқоңырау шалып, «не істеп жатыр қыздар, қане көрсет» дейді. Зухра апай «мына Асылзат әжетханасын жуып жатыр, Айнұр деген қыз бар қасымда, ол ваннасын жуып жатыр» деп көрсетеді. Есеп тапсырамыз. «Дұрыстап тазалаңыздар» дейді. Жинап, тазалайтын заттарды, шүберекке дейін өзіміз сатып аламыз, - деді КТК телеарнасына жауап берген тәрбиеші Асылзат Таңатарова.

Сонымен қатар, олар соңғы кезде айлықты толық алу да мұңға айналып, асханадағы азық-түлікке дейін меңгерушінің үйіне таситындарын алға тартып отыр.

Ол кезде ол қызметкерлердің ақшасы 121 мың теңге болатын. Бірақ 9 қызметкерге 150 мың теңге деп аванс түсіреді. Сөйтіп оны қайтадан төртеуінен есеп арқылы аударылса, 5 адамнан қолма-қол жинап алған. Бұл хабарды біз 24 қаңтар күні білдік. Сосын ол кісіден «бұл не ақша, қандай ақша?» деп сұрасақ, жауап беруден қашады, - дейді әдіскер Ләззат Ерәлиева.

Ал аспаз Ардақ Жұмашеваның айтуынша, таяуда балабақшаға жеткізілген 116 келі еттің 30 келісі бірден меңгерушінің үйіне жөнелтілген.

Әр балаға 100 грамм еттен болуға тиіс. Ал бізде 30 келі қысқартуға тура келеді. Сол үшін мен 13 келі, кейде 12 келі ет беремін. Яғни, балаларға 100 грамнан тимейді, 50-60 грамнан келеді, - дейді ол.

Алайда қарамағындағылармен бір жылдан бері текетірес жағдайында жүрген «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Гүлбану Ұзақ мұның бәрін жала деп отыр.

Мүмкін жоғары жақтан бұл кісілерге беріліп жатқан тапсырма шығар. Білім бөлімі тарапынан. Арамыз суық деп айта алмаймын. Бұл кісілер жұмыс уақытында митинг ұйымдастырды. Сол кезде білім бөлімінің бас маманы митингке қатысып, сол кісілердің жанында жүрді, - дейді меңгеруші.

Ұжымның шағымы бойынша білім бөлімі меңгерушіні екі рет жұмыстан босатқан екен. «Бірақ екеуінде де ақ екенімді дәлелдеп, қызметке қайта келдім», - дейді Гүлбану Ұзақ. Соған қарағанда, ұжым мен басшы арасындағы текетірес әзір бітпейтін сыңайлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама