Сирияда жер сілкінісінен көз жұмғандар 7 280 адамға жетті деген дерек бар
Қазір Түркияда зілзала салдарынан қаза тапқан адамдар саны 35,4 мыңға жетті. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарадағы Табиғи апаттарды басқару орталығында өткен іс-шарада айтты.
Осы апаттан қаза тапқан 35 418 азаматтың жаны жәннатта болсын, – деді ол.
Түркия басшысы қайғылы жағдайдың салдарын жоюға 71 провинциядан 250 мыңға жуық қызметкер, іздестіру-құтқару жұмыстарына 35 мыңнан астам адам жұмылдырылғанын және құрылыс техникасының саны 12 335-ке, ұшақтардың 76-ға, кемелердің 26-ға жеткенін атап өтті.
Дерек пен дәйек:
Қоғам белсендісі Амандық Әмірхамзиннің айтуынша, Сирияда жер сілкінісінен көз жұмғандар 7 280 адамға жетті деген дерек бар. Түркияда 105 500 адам, Сирияда 9 мың адам жарақат алған. Жер сілкісінің эпицентрінде 3 млн адам тұрған. Түркияда 2,2 млн адам апат болған аумақтан көшірілген. Қолда бар мәліметке қарағанда, қазір Сирия мен Түркияда жалпы саны 26 млн адам гуманитарлық көмекке зәру.
Түркияда жер сілкінісі елдің 12 провинциясын қамтыған. Олар – Адана, Адыяман, Батман, Диярбақыр, Ғазиантеп, Хатай, Қаһраманмараш, Килис, Малатья, Османие, Шанлыурфа және Элязыг.
Бүгінде Түркия бойынша құтқару жұмыстарына 249 мың адам қатысып жатыр. Елге жер сілкінісінен келген шығын 84,1 млрд доллар болды. Бұл дегеніміз – ел экономикасының 10 пайызы.
Қазір Түркияда жержүзінің 82 елінен келген құтқарушылар құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. Тағы бір мәліметке сүйенсек, Анадолы елінде 13,5 млн адам апат аймағында өмір сүреді. 6 ақпанда болған зілзаланың аумағы 450 шақырымды қамтыды. Соның кесірінен апат салдарынан 6 217 ғимарат құлаған.
Жер сілкінісінен елдің 10 провинциясында 3 айға төтенше жағдай жарияланды. Дүниежүзілік банк Түркияға 1,78 млрд доллар қаражат аударатынын мәлімдеді. Әзербайжан Адымянда 1000 контейнерлік үй (қалашық) салуды жоспарлап отыр. Ал Қазақстан Түркияға тағы 55 тонна гуманитарлық көмек жіберетін болды.
Тағы бір дерек, бүгін үйінді астынан 212 сағаттан кейін 77 жастағы әйел шығарылды.