Елімізде автокөлік иелері 6 млрд теңгеге VIP-нөмірлер алған
Сұраныс көбінесе Алматы тұрғындарынан түскен
Қазақстандық автокөлік иелерінің VIP нөмірлерге шамамен 6 миллиард теңге жұмсағанын мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы.
Ведомство Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында 2022 жылы еліміздегі арнаулы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жалпы құны 5 миллиард 949 миллион 849 мың 491 теңгеге сұранысы жоғары 20 075 мемлекеттік тіркеу нөмірі берілгенін хабарлаған.
Ең қымбат нөмірлер – 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777. Бұлардың әрқайсысы 285 АЕК тұрады. Яғни, әрбір нөмір үшін қазақстандықтар 2022 жылы 872 мың 955 теңге төледі, - делінген ресми жауапта.
VIP-нөмірлерге сұраныс көбінесе Алматы тұрғындарынан түскен. Соңғы бір жылда алматылық көлік иелері 2 миллиард 365 миллион 875 мың 494 теңгеге 7 мың 83 VIP-нөмір алған.