Ол суретшілерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау жоқтығын айтады
Бейнелеу өнері саласында есімі қалыптасқан белгілі кескіндемеші Ренат Елубаев импрессионистік модерн бағытында сурет салады. Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында ол Қазақстанда суретшілердің қандай қиындықтарға жолығатынын және бейнелеу өнерінің бүгінгі міндеті туралы айтып берді.
Ренат Елубаев республикалық және халықаралық көрмелердің бірнеше мәрте қатысушысы. 2015 жылы суретші АҚШ-та өткен «Нью-Йорк реализмі» бейнелеу өнері» халықаралық көрмесіне қатысып, алтын медальмен марапатталды. Дарынды суретші «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасының «Кескіндеме өнері» номинациясы бойынша Гран-при иегері (Беларусь Республикасы).
«Қалай дегенмен де кескіндеме өнері түстерге байланысты болған соң, кескіндеме бағытын жақсы көремін. Кескіндеменің импрессионизм бағытын жақсы көремін. Әсер. Осы бағытта еңбек етемін, шеберлік сыныптарын өткіземін. Балаларға үйретемін. Әке-шешемнің айтуынша, екі жасымнан бастап сурет салған екенмін. Туғалы бері қарындаш пен қаламды серік етіп, жанымнан тастаған емесін», – дейді Ренат Елубаев.
Суретшінің айтуынша, шығармашылықпен ғана күн көру қиындық туғызғандықтан, арасында қол үзіп те қалған. Түрлі салада жұмыс істеп көрген.
«Арасында үзілістер болды. Шенеунік шекпенін де киген уақытым болды. Концерттер ұйымдастырып, режиссердің көмекшісі ретінде жұмыстар атқардым. Сурет өнері – ауыр өнер. Бұл жерде қаражат мәселесі керек. Өйткені кенеп, майлы бояу сатып алуға қыруар ақша кетеді. Сондықтан оның бәріне ақша жетпегендіктен басқа саланы жағалап кетуге тура келеді. Әндерге сөздер де жаздым. Әкімдікте істеп жүрген кезімде де қосымша сурет салып жүрдім. Өйткені бұл – менің жан-дүнием. Жылына 15 шақты картина жазып, сатып жүрдім. ЦУМ деген бар, астананың оң жағалауында. Картиналарымды өзіміздің қазақстандық коллекционерлер, сонымен қоса француз, түріктер алғанын естідім», – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Оның айтуынша, суретшілерген мемлекет тарапынан қолдау көрсетліп отырған жоқ. Бейнелеу өнерін кәсіп етіп алғандар үшін жағдай жасалынбағандықтан оқу бітірген жас маман өзге саланы жағалап кетуге мәжбүр. Еңбек өмірлік кажеттілікке айналғанда ғана шығармашылық мүмкіншілік ауқымы толық ашылады. Ал Қазақстанда интеллектуалдық әлеуеттің дамуына кедергі келтіретін фактор көп.
Өзім қатарлы суретшілер Үкіметтен қолдау, қолғабыс көрген емес. Үкімет түгілі, қарапайым халыққа да сурет өнері керек емес. Мәдениет министрлігі қолдау көрсетуі керек. Көрсеткен күнде де, өзінің бір арнайы суретшілері болады, сүйікті. Танысы, туысы, достары деген сияқты жақын адамдарына көмектеседі. Мен сияқты тағы бір жас суретші шықса, ертең опық жеуі мүмкін. Өйткені суретшіге қолдау жоқ. Мемлекеттік атақ әр адамға керек. «Суретші кедей болса ғана, сурет салады» деген далбаса сөз. Тарихты алып қарасақ та, Ван Гог, Пикассо болсын, ең бірінші ақша мен атаққа көңіл бөлген. Моне өмір бақи жылап өткен. Басқалардан өздерін қолдауды талап еткен. Бізге міндетті түрле қолдау керек, – дейді Ренат Елубаев.
Бейнелеу өнерін өзінің басты мақсаты деп санаған суретші толассыз жұмыс істей жүріп, әртүрлі стильдер мен әдістерді бағындырған.
«Арманым – көп картина жазу. Тоқтамай жаза беру. Сурет өнері бұқараға арналмағанымен, ел үшін керек. Шетелдерде ең әуелі суретшілеріне қарайды. Ол елде суретшілер болмаса, дамымаған, мәдниеті төмен ел деп есептеледі. Ал заманауи бейнелеу өнерінің міндеті – заманауи картиналар жазу. Яғни, формадан, реализмнен алшақтап, қиял-ғажайып әлемге бет бұру. Бұрынғы соцреализм, академизм бағыттары ескірген», – дейді суретші.
2021 жылы Ренат Елубаев Де Ришелье атындағы «Гауһар дюк» халықаралық байқауының лауреаты, сонымен қатар Мәскеуде өткен «Су әлемі» халықаралық байқауының лауреаты атанды. Осы жылы ол Ұлыбританияда өткен Golden Time Talent халықаралық байқауында 1 орын алды.
К. Коровин атындағы Ресей өнер сыйлығының дипломанты атанған Ренат Елубаев 2022 жылы Дубайдағы ЭКСПО көрмесінде Қазақстан павильонында шеберлік сабағын өткізді.