Қайғылы оқиғадан кейін әйелі күйеуін кешірмеген
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны мас кезінде алты айлық баласын қолынан түсіріп алған. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған М. есімді азамат қазір ШҚО бойынша ҚАЖД 156/6 қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда жазасын өтеп жатыр.
«Әйелім бір жаққа шығып кетті, ұлым залда жатқан, бір кезде жылай бастады. Ұлыммен серуендегім келді, жолда ішімдік сатып алып, үйге келдім. Оны шешіндіре бастадым, майка мен памперсі болды. Артынан оның жөргегі былғанғанын көріп, памперсті шешіп, оны жуындырмақ болдым. Бала қолымда болды, оның үстін сүрттім. Дәлізде линолеум жыртылған еді, асханадан келе жатқанымда соған ілініп қалған болармын, сүрініп кеттім. Бала менің қолымнан ұшып, шкаф пен қабырға арасындағы бұрышқа құлап түсті», - дейді сотталған азамат.
Сотталушының айтуынша, колониядағы алғашқы күндер қиын өткен, оған мекеме психологтары көмектескен.
М. есімді азаматты осы оқиғадан кейін әйелі оны кешірмеген. Ол қазір ішімдікті қойғанын, түрмеден босап шыққан соң жұмыс тауып, ел қатарлы өмір сүретінін айтты.