«Ұмай ана» картинасын бес адам сатып алды
Белгілі суретші Ерболат Төлепбай «Ұмай ана» картинасын сатудан түскен 10 млн теңгені Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарға жіберді.
Суретші Түркиядағы апаттан кейін «Қазақ өнерінің Түркияға көмегі» акциясын ұйымдастырып, өнер саласында жүрген барша әріптестерін іс-шараға белсенді атсалысуға шақырған болатын.
Мен әріптестеріме үндеу жолдағаннан кейін аукцион мәселесімен айналыстым. Бізге жедел аукцион ұйымдастыру керек болды. Өйткені үлкен аукцион болады дегенше біраз уақыт кетеді. Қазіргідей қиын кезеңде Түркия елі қыруар қаражатқа мұқтаж. Сол себепті, жедел аукцион ұйымдастырдым. Оған негізінен Қанат Төлеметов бастаған бес жігіт атсалысты. Рүстем Қараев, Ержан Омаров, Виталий Ким, Азамат Сырғабаев секілді атымтай жомарттар бұл ұсынысты қолдады, – деді Ерболат Төлепбай.
Суретші аукционға «Ұмай ана» картинасын қойған соң оны аты аталған кәсіпкерлер бірігіп, 10 млн теңгеге сатып алған.
Содан кейін суретші Түркияның Алматыдағы Бас консульдығына барып, 10 млн теңгені жер сілкінісінен зардап шеккен адамдарға көмек ретінде жіберді. «Ұмай ана» картинасын да дипломаттарға табыс етті.