Қазақстанға Беларусьтен футболшылар қаптап келіп жатыр
Олар елдегі 16 клубтың 13-інде доп теуіп жүр
Қазір футболдан Қазақстан чемпионатының 13 клубында Беларусь елінен келген футболшылар ойнап жатыр. Легионерлердің саны шектелмесе, тізім бұдан да көбеюі мүмкін.
Футбол инсайдері Айдын Қожахметтің айтуынша, елдегі 16 клубтың 13-інде Беларусь чемпионатында доп тепкен футболшы бар. Олардың бәрі премьер-лигада ойнайды. Қазақстанға беларусь ойыншылары жалақыға қызығып келе жатыр.
2000-2019 жылдар аралығында Беларусь футболы Еуропа алаңдарында жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, Борисов қаласының БАТЭ клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне 5 рет шықты. Үш мәрте Еуропа лигасының плей-офф бәсекесінде ойнады. Осыдан 10 жыл бұрын БАТЭ ойыншыларының орташа жалақысы 15 мың АҚШ доллары болатын. Сондықтан ол клубтан Қазақстанға келетін футболшылар аз еді. Ал қазір жағдай өзгерді. Беларусьтен Қазақстанда ойнағысы келетін легионерлер көбейді. Өйткені ел президенті Александр Лукашенко жалақыны азайтуды тапсырды, – деді ол.
Оның айтуынша, былтыр желтоқсан айында жалақыны қысқарту тіптен күшейді. Тек ұлттық құрамада ойнап жүргендер ғана тиісті айлықтарын алып отырды. Олар 6 мың долларға дейін жалақы алады. Қалғандары айына 1 600-2 000 доллармен шектеліп отыр. Сондықтан реті келсе, Беларусь футболшылары басқа чемпионаттардан өз бақтарын іздеуді жөн көріп жатыр. Әсіресе, Қазақстанға келетіндер көбейген.
Қазір қолда бар мәліметке қарасақ, футбол инсайдері Айдын Қожахмет айтқандай, елдегі 16 клубтың 13-інде Беларусь чемпионатында доп тепкен футболшы бар. Олар төмендегі командаларда (бұл тізімде өзге елден келген легионерлер де бар) ойнайды:
«Ордабасы»: Бобур Абдихоликов, Всеволод Садовский, Шахбоз Умаров, Дмитрий Бородин, Доминик Динга.
«Атырау»: Александр Нойок, Никита Степанов, Игорь Стасевич, Егор Хаткевич.
«Тобыл»: Игор Иванович*, Илья Васильев*, Ислам Чесноков, Иван Коновалов.
«Каспий»: Дмитрий Подстрелов, Георгий Бугулов, Алексей Залеский, Максим Плотников.
«Мақтаарал»: Жуниор Кабананга, Секу Думбия, Руслан Юденков.
«Астана»: Дембо Дарбо, Макс Эбонг, Камо Оганесян.
«Жетісу»: Руслан Теверов, Мурат Бураев, Павел Назаренко.
«Қызыл-Жар»: Евгений Березкин, Роман Степанов*.
«Шахтер»: Роджер Каньяс, Стефан Букорац.
«Оқжетпес»: Руслан Болов, Дмитрий Рыжук.
«Ақтөбе»: Дмитрий Яшин.
«Қайрат»: Гүлжігіт Әліқұлов.
«Қайсар»: Сергей Бондаренко.