×

Үкімет қаулысы: Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді

Қаулы ресми түрде алғаш жарияланған күннен бастап күшіне енеді

 Халық үні 28.03.2022 | 10:50
коллаж: Halyq Uni

Орал қаласындағы халықаралық әуежай атауы Мәншүк Мәметова атындағы әуежай деп өзгертіледі. Тиісті үкімет қаулысына премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Қаулы ресми түрде алғаш жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Орал әуежайының бұрынғы ғимараты бұзылып, орнына жаңасы салынды. Алғашында 2,4 млрд теңгеге есептелген күрделі жөндеу жобасы тоқтатылып, құны 6,6 млрд теңгеге бағаланған жоба іске асырылды.

Әуежайды қайта құру жобасы 2019 жылы басталды. Қайта құру кезінде құрылыстың сейсмотұрақтылығына жауап беретін ҚазҚСҒЗИ мамандандырылған компаниясы әуежай іргесінен ақаулар тапқан. Сондықтан ол жоба толығымен тоқтатылып, жаңа жоба жасалды. Ал жаңа жоба бойынша ғимарат көлемі 2 есе үлкейді. БҚО әкімі Ғали Есқалиев жоба құны осыған байланысты қымбаттағанын, жобаға ең жақсы технологиялар мен жабдықтар қосылғанын айтты.

Жаңа атаудың берілуі Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуымен де тұспа-тұс келіп отыр, Батыс Қазақстан облысында қазақтың батыр қызының 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді.

«Еліміздің батыс қақпасында тұрған әуежайға ұлтымыздың қаһарман қызы - Мәншүк Мәметованың есімінің берілуі батысқазақстандықтар үшін үлкен мәртебе. Осы ұсынысты білдірген өңір тұрғындарына, мәслихат депутаттарына, қоғамдық кеңес мүшелеріне, құжатты ресми келісу процесіне қолдау білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, республикалық ономастика комиссия мүшелеріне, мәжіліс депутаттарына алғыс білдіреміз», - дейді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Жаңадан салынып, жаңа атау алған Мәншүк Маметова атындағы әуежай терминалы жақын арада ашылады.

Еске салайық, былтыр қоғам белсенділері мен облыстық мәслихат депутаттары әуежайға Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімін беруді ұсынған болатын.

Мәншүк Мәметова – Ұлы Отан соғысына қатысқан (пулеметші) қазақ қызы. Кеңес одағының батыры (қайтыс болғаннан кейін берілген атақ) соңғы шайқаста 70-тен астам қарсыластың көзін жойып, 1943 жылдың күзінде қаза тапты.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама