×

Тоқаев 300-ге жуық адам жұмыс істейтін агроинновациялық корпорацияға барды

Кәсіпорында үш жылда 121 миллиард теңгеге 6 500-ден астам өнім түрі шығарылған

 Халық үні 14.02.2023 | 15:24
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Президентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді, деп хабарлады Ақорда.

Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру цехтарын аралап көргеннен кейін мемлекет басшысына кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді.

Кәсіпорын басшылығының мәліметіне сәйкес өндіріс орнында қосымша қойма, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынған.

«Екі жаңа өндіріс бөлімшесінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Еуропадан, Оңтүстік Кореядан роботтандырылған дәнекерлеу, фрезерлеу орталықтары және станоктар сатып алынған. Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады», - делінген ақпаратта.

Кейінгі үш жылда 121 миллиард теңгеге 6 500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі машина жасау саласының жай-күйі туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,6 есе, машина жасау 3,2 есе, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. 2022 жылы бұл салаға 3 миллиард теңге инвестиция құйылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама