Бүгінде қалада 1 млн 350 мыңнан аса адам бар
Астананың жаңа бас жоспары әзірленіп жатыр. Себебі 2030 жылға қарай елордадағы халық саны 2-2,5 млн адамға жетуі мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айутынша, шаһардағы халықтың саны тез өсіп жатыр.
Бас жоспарға сәйкес квадратура тығыздығының стандарттары бар. Полицентрлік принципі бойынша қаладағы әр ауданда әлеуметтік нысандар болуы керек. Халық санының қарқынды өсуі, жаңа аудандардың ашылуы, көлік санының ұлғаюы... мұның бәрі қаланың бас жоспарында ескеріледі, - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан соң.
Астананың бұрынғы әкімі қаланың алғашқы бас жоспарында халықтың саны 800 мың адам болады деп жоспарланғанын жеткізді. Бірақ қазір жағдай мүлдем өзгерген.
2010 жылғы бас жоспарда 2030 жылы қалада 1 млн 200 мың адам болады деп жоспарланған. Алайда біз бұл көрсеткішке 2020 жылы жеттік. Осы жағдайды ескеріп, қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеп жатырмыз. 2030 жылға қарай қаладағы халықтың саны 2-2,5 млн адамға жетуі мүмкін, - деді премьер-министрдің орынбасары.