Оқушыларды жарақаттаған жасөспірім психикалық есепте болған
Ішкі істер бірінші вице-министрі Марат Қожаев Петропавлдағы мектепте болған оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, биыл 13 ақпанда таңғы сағат 07:52-де Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түскен.
Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы шығып, тексеру барысында сағат 07:40-та рюкзагында асханалық балта, пышақ және қолдан жасалған маска болған 9-сынып оқушысы анықталды.
Ол сағат 07:50-де 2-қабатта орналасқан әжетханада маскасын тағып, балтамен дәлізге жүгіріп, біріншіден 10-сынып оқушысының басынан 2 рет ұрып, одан кейін 10-сыныпта оқитын қыздың иығана бір рет және басынан екі мәрте ұрған және 9-сынып оқушысының басынан бір рет ұрған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған, - деді Марат Қожаев Үкімет отырысында.
2 жәбірленуші қаладағы ауруханада жатыр, ал 1 оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.
«Бұл факті негізінде Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстауа изоляторына қамалды. Заңды өкілі болып саналатын анасы анықталды. Күдіктінің психикалық денсаулығында проблемасы бар. Алматы қаласының республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығы жалпы білім бойынша оқуын жалғасытурға рұқсат берген», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Петропавлдағы №4 мектепте білім беру екі ауысыммен жүргізіледі.
Онда 39 сынып, 984 оқушы, мұғалімдер штатының саны - 70, оның біреуі психолог. Мектепте және оның аумағында 42 бақылау камерасы мен 5 дабыл түймесі бар. Оқиға болған кезде мектепте күзетші-вахтер болған. Тергеу барысы бақылауға алынды. Тергеу бойынша қылмыс пен заңды бұзудың алдын ала себептері бойынша ұсынылым енгізіледі, - деді вице-министр.