«Табысымыздың 12,5%-ы қайда кететіні беймәлім». Елорда таксишілері бойкот жариялап жатыр
Таксопарктерден арылу үшін кәсіподақ құруға кірісіп кеткен
Астанада көп жылдан бері такси қызметінде жүрген Сабыр Өтемұраттың айтуынша, негізгі талап – «Яндекс» пен таксопарктерді заң аясында жұмыс істету. Оның айтуына қарағанда, қазір бір елорданың өзінде 5-6 мың такси, 20-ға жуық таксопарк бар. Такси жүргізушілері сол таксопарктермен ашық күреске шығуға бел буған.
КӘСІПОДАҚ ҚҰРУҒА ӨТІНІМ БЕРІЛДІ
Жаңа жылдан кейін халықта кішкене дағдарыс болады, тапсырыс та азаяды. Сол уақытта әлгі 20 шақты таксопарк таксишілер арасында «бәйге» ұйымдастырады. Соның кесірінен соңғы кездері 5 шақырым жердің құны 600 теңге болып қалды. Оның 21,5%-ын ұстап қалады. Есептеп қарасаңыз, қолымызға 4 адамның автобус пұлына да жетпейтін ақша. Содан қатты шаршаған соң бүкіл таксопаркке байкот жариялап, кәсіподақ құрамыз деп шештік, – дейді ол.
Ондағы мақсаты осы жұмыста жүрген адамдарды «Яндекстің» таксопарк серіктестерінен мүлде арылту. Сосын таксишілердің өз атына жеке кәсіпкерлік ашып, сол «Яндекспен» тікелей серіктес қылу.
Дегенмен, мұнда бір мәселе бар. Кей жүргізушінің банк есепшоты бұғатталған. Немесе біреулерінің сауаты жетпеуі мүмкін. Сондықтан бір адам жеке кәсіпкерлік ашып, тағы он адам соған жалданған болып қолына кірсе, сол кезде әлеуметтік пакет төленіп отырады деген сенімде. Одан бөлек, бухгалтерлік қызмет, көлік жөндеу, жуу қызметтері, медициналық сақтандыру да соның ішінде қарастырылмақ.
Сабырдың сөзінше, Астана таксишілерінің кәсіподақ құру жұмыстарын бастағанына бір апта болған. Бүгінге дейін жарғысын бекітіп, тиісті орындарға тіркеуге өтініш беріп қойылған.
«Яндекстің» өзі бізге ешқандай жауап бермейді. Техникалық қолдау қызметіне жазғанмен, оны таксопарктерге сілтейді. Олар да еш қызмет көрсетпейді. Бір жерде көлігің сынса, апат болса еш көмек жоқ. Сол үшін таксопарктерден бас тартқымыз келіп отыр, – дейді ол.
Оның сөзінше, мың теңгеге тапсырыс орындаса, содан 21,5%, яғни 215 теңгесін алып қояды. Ондағы 4,5%-ы «Яндекстің» серіктесі – таксопарктерге кетеді. Тағы 5%-ын компанияның өзі алады. Сонда қалған 12,5% қайда кететіні бізге беймәлім болып тұр.
Айта кетейік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылы «Яндекс. Такси» ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің 2020-2021 жылдардағы тауар нарығын талдаған еді. Сонда аталған компанияның нарықтағы үлесі Алматыда 2020 жылы – 83,78%, 2021 жылы – 84,34% құраған. Астанада 2020 жылы – 60,7%, 2021 жылы 67,3%.
Қазір монополияға қарсы орган 2022 жылға арналған тауар нарығына талдау жүргізуде, алайда «Яндекс. Такси» қайтадан уәкілетті органның заңды талаптарын орындаудан жалтарып, қажетті ақпаратты бермей келеді. Бұл агрегатор тарапынан монополияға қарсы іс жүргізудің қасақана кешіктіріліп жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты, «Яндекс таксиге» қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды.
КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН
Бүгінде Астана қаласының кәсіподақтар орталығында 106 мыңнан астам мүше бар, 500-ден аса бастауыш ұйымын қамтыған. Орталық төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтанәлиннің айтуынша, алдымен таксишілер жалпы жиналысында бас қосып, кәсіподақ құру туралы шешім қабылдауы тиіс. Осы орайда, жұмыс берушілерімен ұжымдық шарт жасап, шарт аясындағы кепілдемелер үшін өз ұсыныстарын беруге құқылы.
Біз оларға заңды мүддесін қорғауға, қандай да болмасын тегін құқықтық кеңес береміз. Мысалы, былтыр Астана қаласы кәсіподақтар орталығының өкілдері мұнаралы краншылардың кәсіподағын құруға заң тұрғысынан кеңес беріп, көмек көрсетті. Сонымен қатар, жұмысшылардың әлеуметтік еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ құру мәселесі бойынша монолитшілер, тас қалаушылар бригадаларымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Олар да бізге келіп, қайда баратынын, қандай құжат жинайтынын, не істейтінін сұрап жатыр, – дейді ол.
Сондықтан такси жүргізушілері де орталыққа келетін болса, есігі ашық екенін айтады. Келген жағдайда заң тұрғысынан тегін кеңес бермек. Олар орталықтағы он саланың бірін таңдап, соған кіре алады. Ал оған кірген жағдайда қандай пайдасы бар?
- еңбек құқықтарын қорғау бойынша тегін заң көмегін алады;
- әр саланың жылдар бойынша келісімі болады;
- оның ішінде жұмысшылардың айтуымен, жұмыс берушілердің келісімімен жасалынған ұжымдық шартта әлеуметтік кепілдемелер болады.