Барлық жұмыс елшілікпен бірлесіп жүргізіліп жатыр
Қазақстан азаматтары Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр, деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Барлық өңірде қажет заттарды қабылдау және сұрыптау пункттері ұйымдастырылған. Белсенді азаматтар волонтерлер көмек есебін жүргізеді. Олар барлық жиналған затты сұрыптап орайды. Жиналған материалдар көлікпен Түркия елшілігі мен консулдығына жеткізіледі.
13 ақпандағы жағдай бойынша өңірлерде 150 тонна (Алматы – 4 тонна, Алматы облысы – 68 тонна, Түркістан облысы – 25 тонна, Шымкент – 50 тонна, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары – 3 тонна) гуманитарлық көмек жиналды. Оның 75 тоннасы (Түркістан облысы және Шымкенттен) Түркияға жіберілді. Сондай-ақ 32 млн теңге жиналып, тікелей Afad қорына аударылды, - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, қазақстандықтар Түркияға 114 киіз үй жіберді.
Барлық жұмыс Қазақстандағы Түркия елшілігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бүгінде Түркия Үкіметі жанындағы Табиғи апаттар және төтенше жағдайлармен күрес басқармасының (AFAD) мәліметінше, жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 31 643 адамға жетті.