Арыс пен Байзақ ауданындағы жарылыс салдарын жою жұмысы қайта жанданады
Оқ-дәрі қоймаларында болған оқиғалар салдарын жою жұмыстары қайта жанданып жатыр
Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бөлімшелері биылғы 28 наурыздан бастап Арыстағы және Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларында болған оқиғалар салдарын жою жұмыстарына кіріседі.
Аталған шаралар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын әрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізіледі.
Арыс қаласында жару жолымен жойылатын оқ-дәрі қалдықтары қоймалардың техникалық аумағынан арнайы жабдықталған полигонға жеткізіледі. Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында оқ-дәрі қалдықтарын жоюға арналған орын жабдықталған. Ал қалған бөлігі арнайы полигондарға шығарылып, жойылады, – дейді қорғаныс министрлігі.
Жалпы осы жұмыстарға 650-ден астам әскери маман тартылады. Жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл жұмыстар биылғы қараша соңына дейін жалғасады.