Олар басқа қаладағы достарына бармақ болған
Қостанай облысында полиция үйінен кетіп қалған жасөсірімдерді тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
12 ақпанда түнгі сағат 22:50 шамасында 102 пультіне 13-16 жастағы кәмелетке толмаған 2 қыздың үйінен кетіп қалғаны туралы ақпарат түскен. Ата-аналары полицияға балаларының Тобыл станциясынан Ақтау қаласына кетуі мүмкін екенін айтқан.
Осыдан кейін Рудный қаласының тәртіп сақшылары жасөпірімдердің қайда жүргенін іздеуге кірісті.
Іздестіруге полицейлердің үлкен тобы жұмылдырылды. Нәтижесінде 2 сағаттан кейін біз олардың орналасқан жерін анықтадық. Ақтөбе облысы Айка станциясында кәмелетке толмағандар пойыздан түсірілді. Олар Қамысты ауданының полиция бөліміне жеткізіліп, сол жерден үйлеріне жеткізілді. Қыздар жазда Рудныйда танысқан Ақтаудағы достарына барғысы келгенін айтты, – деді Рудный қаласы Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ақылжан Сәрсембаев.