Жанар Жақсыбекованың мәйіті 10 ақпанда табылды
Түркияда жер сілкінісі кезінде қайтыс болған қазақстандықтың мәйіті елге жеткізілді. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігі хабарлады.
10 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш қаласында құтқару-іздестіру жұмыстары барысында әйелдің мәйіті табылды.
Алматыдан келген туыстары оны Қазақстан азаматы Жанар Жақсыбекова деп таныды.
Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан отандасымыздың денесін Кахраманмараштан Анталияға және одан әрі Алматыға жеткізуге, сондай-ақ қажетті құжаттарды ресімдеуге барынша жәрдем көрсетті. 13 ақпанда мәйіт Талдықорған қаласына жеткізілді, – делінген ақпаратта.
Тасымалдау бойынша барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды.
Сонымен қатар Pegasus түрік авиакомпаниясымен қаза тапқан Қазақстан азаматының бірге келген туыстарына 90 пайыздық жеңілдік беру туралы келісімге келген.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық Әділ Қадырбеков пен Мирболат Құрмашевтің Түркияда қайтыс болғаны белгілі болды.