Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды
Павлодарда алаяқ туыстарына пәтер алуға көмектесемін деп алдап, 7 млн теңгесін алып қойған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар айында туысымен сөйлескен 27 жастағы павлодарлық ер адам әкімдік арқылы тұрғын үй мәселесін шеше алатынын, тұрғын үйді кезектен тыс сатып алуға көмектесе алатынын айтқан. Туыстары ақшаны депозиттерінен шешіп, жетпеген соманы қарызға алған. Және алтын бұйымдарын ломбардқа тапсырған. Олардың бірі 2,5 млн теңге, екіншісі 4,5 млн теңге берген.
Ақшаны алғаннан кейін, ер адам уақытты ұзарту үшін әртүрлі сылтаулар ойлап таба бастайды. 6 айдан кейін ол туысының біреуіне 250 мың теңге қайтарып берді. Қалған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Біраз уақыттан кейін туыстары алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді.
ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды.