Олар түрлі есірткіге толы қайықпен шекараны кескен
Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені және есірткі контрабандасы үшін сотталған шетелдіктер туралы ақпарат жариялады.
2021 жылғы қазанда Шекара қызметі мен ҰҚК-ның Маңғыстау облысындағы департаменті Каспий теңізі су айлағындағы бірлескен іс-шаралар барысында Қазақстан шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен екі шетел азаматын ұстады. Олар «Амур» типті шағын кемеде болған. Жүзу құралын тексеру барысында салмағы 14 кг «апиын», 8 кг «гашиш» және «метадон» психотроптық затының 29 пластинасы табылып, тәркіленді, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
ҰҚК мәліметінше, 2021 жылғы желтоқсанда ұсталғандардың бірі 392-баптың 1-бөлігі (еліміздің мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге Қазақстан шегінен шығарумен 6 айға бас бостандығынан айырылды.
«2022 жылғы 10 наурызда мамандандырылған ауданаралық сот екінші шетелдік азаматты қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі (айналыстан алып қойылған заттар немесе айналысы шектелген заттар контрабандасы), 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) және 392-бабы 1-бөлігі (еліміздің шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп таныды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді», – делінген мәліметте.