Halyq Uni логотип
×

Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп, есірткі тасымалдаған шетелдіктер жазаланды

Олар түрлі есірткіге толы қайықпен шекараны кескен

 Қымбат Елтайқызы 25.03.2022 | 16:30

Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткені және есірткі контрабандасы үшін сотталған шетелдіктер туралы ақпарат жариялады.

2021 жылғы қазанда Шекара қызметі мен ҰҚК-ның Маңғыстау облысындағы департаменті Каспий теңізі су айлағындағы бірлескен іс-шаралар барысында Қазақстан шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен екі шетел азаматын ұстады. Олар «Амур» типті шағын кемеде болған. Жүзу құралын тексеру барысында салмағы 14 кг «апиын», 8 кг «гашиш» және «метадон» психотроптық затының 29 пластинасы табылып, тәркіленді, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

ҰҚК мәліметінше, 2021 жылғы желтоқсанда ұсталғандардың бірі 392-баптың 1-бөлігі (еліміздің мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге Қазақстан шегінен шығарумен 6 айға бас бостандығынан айырылды.

«2022 жылғы 10 наурызда мамандандырылған ауданаралық сот екінші шетелдік азаматты қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі (айналыстан алып қойылған заттар немесе айналысы шектелген заттар контрабандасы), 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) және 392-бабы 1-бөлігі (еліміздің шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп таныды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді», – делінген мәліметте.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама