«Бәйтерек» ұлттық холдингі 350 млрд теңге таза рекордтық пайда тапқан

Динара Амантай

Мемлекет басшысы компанияның басқарма төрағасын қабылдады

Фото: Baiterek.gov.kz

Президент «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысына холдингтің былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды. Кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде де ұсыныстар берілді. Сондай-ақ мемлекет басшысына холдингтің 2022 жылы 350 миллиард теңге таза рекордтық пайда тапқаны туралы баяндалды. Бұл – 2020 жылғы көрсеткіштен 5 есе және 2021 жылғы нәтижеден 3 есе көп.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша құны 685 миллиард теңге болатын 238 ірі жоба мен лизингтік мәмілелер қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында сомасы шамамен 1,5 триллион теңгені құрайтын 50,5 мың жобаға субсидия берілді.

Басқарма төрағасының мәліметіне сәйкес, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жоспарланған 432 миллиард теңгенің орнына 522 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Сонымен қатар, Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында жалпы құны шамамен 1,4 триллион теңге жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілгені, құны 211,8 миллиард теңгені құрайтын үлестік құрылысқа кепілдік жасалғаны, кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін әкімдіктерге 176,4 миллиард теңге бөлінгені туралы баяндады.

Осылайша, қолдау шараларының нәтижесінде 2,2 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, ипотекалық кредит беру есебінен 79 865 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты.

Мемлекет басшысы бизнесті одан әрі қолдаудың маңыздылығына баса назар аударды. Сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға «Бәйтерек» холдингінің белсенді атсалысуы қажет екенін айтты.