Ол Forbes рейтингінде 2022 жылы Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің бірі болған
Қазақстанның тұңғыш Үкімет басшысы Сергей Терещенко 72 жасында қайтыс болды.
Сергей Терещенко Қазақ КСР Үкіметінің 14-басшысы (1991) және Қазақстан Республикасының бірінші премьер-министрі (1991-1994) болған.
Ол 1951 жылы Приморск өлкесінің Лесозаводск қаласында туған. Ұлты – украин.
Мектептен кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институты, Алматы жоғары партия мектебі мен Ресей ҒА Экономика институтын бітірген.
Еңбек жолын Шымкент облысының Түлкібас ауданына қарасты Куйбышев атындағы кеңшарда бас инженер болып бастаған. Ол Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Президентінің орынбасары, Қазақ КСР президенттік кеңесінің мүшесі болған.
Қазақстан Республикасы Шетел инвестициясы ұлттық агенттігінің төрағасы, Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі ұлттық комисияның төрағасы қызметтерін атқарған.
1991 жылдың қазаны мен 1994 жылдың қазаны аралығында Қазақстан Республикасының бірінші премьер-министрі болып еңбек етті.
Саясаттағы қызметінен кейін Сергей Терещенко кәсіпкерлікпен айналысқан. Жаңа өндіріс орындарын ашып, шаруашылықтар мен су электр станцияларын салған. Ол Forbes рейтингінде 2022 жылы Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің бірі болған.