Halyq Uni логотип
×

Елжан Біртанов ісі: сот үкімі өзгеріссіз қалды

Экс-шенеуніктерге сот үкімі 2022 жылдың 28 қазанында шықты

 Айгерім Таубай 10.02.2023 | 16:10
Елжан Біртанов ісі: сот үкімі өзгеріссіз қалды
Halyq Uni

Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап, бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Апелляциялық сатыда істі судья Айбек Әмірғалиев, Алма Есімова, Асылбек Жұмағұлов қарады.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 431-бабы, 443-бабы, 444-бабы 1-бөлігінің 1-тармағын басшылыққа алып, сот алқасы 2022 жылдың 28 қазанда Елжан Біртановқа, Олжас Әбішевке қатысты үкімі өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы етті. Қорғау тарапы мен сотталғандардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмайды. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді, - деді судья Айбек Әмірғалиев.

Сотталғандар сот актілеріне қатысты Жоғарғы сотқа бір жыл ішінде шағым жасай алады.

БІРІНШІ ИНСТАНЦИЯДАҒЫ СОТ ҮКІМІ

2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

«Сот Елжан Біртановты қылмыстық кодекстің 361-бабы 3-бөлігі бойынша санитарлық авиация ұшағын қолданғаны үшін кінәсіз деп таныды. Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, Біртановты 5 жылға бас бостандығын шектеуге, Олжас Әбішевке 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды», - делінген сот үкімінде.

Сондай-ақ оларға пробациялық бақылау қойылатыны айтылды. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ Олжас Әбішев жазаның негізгі бөлігін өтегенше жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке жұмысқа тартылады.

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрге қарсы «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап-арыз берген.

Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді. Бұл қаражат 3 ай ішінде қайтарылуы тиіс. Ал Елжан Біртанов бұл қаражатты өзіне меншіктемегенін, денсаулық сақтау министрлігі халықаралық компаниямен соттасуы қажет екенін айтты.

2022 жылдың 9 қарашасында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

БІРТАНОВҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды.

Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы 2020 жылдың қарашасында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды. Бастапқыда оған мемлекеттің ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін 5 күн бұрын бап «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны – 1,5 миллиард теңге.

Бұдан басқа, Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Астанаға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.

ОЛЖАС ӘБІШЕВТІҢ ІСІ

Елжан Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішевтің ұсталғаны туралы 2020 жылдың 2 тамызында хабарланды. Ол «билікті асыра пайдаланды» деген күдікке ілінді.

Олжас Әбішев 2018 жылы денсаулық сақтау вице-министрі болды. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік етті.

2023 жылдың 24 қаңтарында апелляциялық сот отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің үстінен полицияға арыз түсіргені белгілі болды. 

Адвокат Фатима Берсанованың айтуынша, 23 қаңтарда Астана қаласы Сарыарқа ауданының полициясы хабарласып, Әбішевтің үстінен министр Ажар Ғинияттың атынан осы қылмыстық іс бойынша арыз түскенін мәлімдеген.

Арыз жазуға Әбішевтің соттағы мәлімдемесі себеп болған. Ол жерде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевті қолдап петицияға қол қойғандардың арасында Ажар Ғиният та бар екенін айтылды.

Полиция бұрынғы вице-министр Әбішевті жауап алуға шақырған. Осыған қатысты Олжас Әбішев те пікір білдірді.

«Маған полициядан хабарласып, үстімен қазіргі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният арыз жазғанын айтты. Осы сот процесі барысында айтылған ақпаратқа қатысты екені ғана белгілі. Бұған қатты таңқалдым, себебі сотта айтылған ақпараттың барлығы ашық дереккөзден алынған, ішінде инсайдерлік ақпарат жоқ. Сондай-ақ неге менің үстімнен полицияға арыз жазғанын түсіне алмадым. Арыздың мән-жайы бізге белгісіз, себебі оны адвокатқа бермеді. Жеке басым бұл әрекетті өзіме жасалған қысым деп қабылдаймын. Себебі біз сотта қазіргі денсаулық сақтау министрлігі басшылығының барлық жағымсыз жағын және олардың жұмысына деген немқұрайлығын көрсетіп жатырмыз. Дәл осы Ажар Ғиниятқа ұнамай қалған болуы мүмкін», - деді Олжас Әбішев.

Алайда Ажар Ғиният бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің үстінен арыз жазбағанын мәлімдеді

Серіктес жаңалықтары

Сараптама