Қажылыққа барғысы келген сайрамдықтардың 11 млн теңгесін жымқырған алаяқ ұсталды

Динара Амантай

Күдікті қамауға алынды

Фото: Halyq Uni

Түркістан облысында қажылыққа барғысы келген 30 шақты адам ақшаларын алаяққа жем қылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сайрам аудандық полиция басқармасына қажы боламын деп алаяққа алданған жергілікті ер адам арызданған. Айтуынша, ол 2022 жылдың қазан айында Меккеге кіші қажылыққа 10 күнге апарып келемін деген белгісіз біреуге сенген. Содан алаяққа тұшу билеті, қонақ үй мен тамақтану үшін жалпы 423 мың теңгесін берген. Бірақ уәде орындалмағандықтан тұрғын полициядан көмек сұрады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркеуге алынды.

Осы аралықта полицияға тағы бірнеше тұрғын шағым түсіреді. Жәбірленушілер ақша аударған есепшоттар тыңғылықты тексеріліп, куәлардан жауаптар алынды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Жедел уәкілдер оны Алматы қаласынан ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Ол Жетісу облысының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті Меккеге барғысы келген 30-дан аса сайрамдық тұрғынның ақшасын алып, жәбірленушілерге 11 млн теңгеге жуық шығын келтірген.

Қазір полиция күдіктінің жалпы 14 алаяқтық дерегіне қатыстылығын анықтап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті қамауға алынды.