×

Ақмола облысының тұрғыны екі адамды пышақтап тастады

Күдіктінің бұрын да осыған ұқсас қылмысы үшін сотталғаны анықталды

 Динара Амантай 09.02.2023 | 13:00
Фото: polisia.kz

Ақмола облысының полицейлері екі адамды өлтіру ісін тергеп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 ақпанда сағат 18:00 шамасында Көкшетау қаласындағы жатақханалардың бірінде болған оқиғадан кейін ер адам полиция бекетіне келіп, ауыр қылмыс жасағанын мойындаған. Екі адамды өлтіру фактісі бойынша полицейлер ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.

Материалдарды алғашқы жинау барысында күдікті мен оның екі танысы, 87 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің ішімдік ішкені анықталды. Кейін ерлер арасында жанжал туындап, салдарынан күдікті егде жастағы ер адамға, содан кейін әйелге бірнеше рет пышақ сұққан. Артынша күдіктінің өзі «102» арнайы желісіне қоңырау шалып, жақын маңдағы постқа келген.

Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер күдіктінің осыған ұқсас қылмысы үшін бұрын істі болғанын анықтады. 2008 жылы адам өлтіргені үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған, ал босатылғаннан кейін Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының аумағына тұрақтаған.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама