Halyq Uni логотип
×

Түркияға еліміздің әр өңіріндегі құтқарушылар да аттана бастады

Олар үйінділер астында зардап шеккендерді іздеп, басқа да авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізеді

 Динара Амантай 09.02.2023 | 10:43
Түркияға еліміздің әр өңіріндегі құтқарушылар да аттана бастады
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстанның бірқатар өңірлерінен төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Түркияға аттанып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ мәліметіне сәйкес, Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға екінші эшелон құрамында ақмолалық 18 құтқарушы жөнелтілген. Олар барлық қажетті құралдармен және керек-жарақтармен жабдықталған. Өңірлік ТЖД бастығы атап өткендей, басты міндет – үйінділер астында зардап шеккендерді іздеу және басқа да авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу.

Сіздерді бауырлас халыққа барынша көмек көрсетуге аттандырамыз. Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймын. Ең бастысы, өздеріңізге сақ болыңыздар! Ақ жол, сапарларыңыз оң болсын және аман-есен оралыңыздар! – деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Сонымен бірге, екінші эшелон құрамында Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылар тобы да бар. Олардың құрамы ТЖД құтқарушылары, оның ішінде кинологтар, сондай-ақ апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен фельдшерлерінен тұратын 15 адамнан жасақталған.

Команда автономды жұмысты ескере отырып, авариялық-құтқару құралымен, медициналық мүлікпен, байланыс және тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен жасақталған.

Қарағанды облысының ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов құтқарушыларды жолға шығарып салып тұрып, өздерінің қызметтік борышын абыроймен атқаруға шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама