Залал сомасы – 1 млрд теңге
Астанада шетелдік көлікті тіркеуге қоюмен заңсыз айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлады Антикор.
2020 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізуші куәліктерін заңсыз беруге және шетелдік автомобильдерді есепке қоюға байланысты 18 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша жүргізуші куәлігін беру кезінде 60 мыңға жуық заңсыз іс-әрекет жасалды, ал заңсыз әкелінген 2 мыңнан аса көлік есепке қойылды.
Қылмыстар Астана, Шымкент қалаларында, Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында жасалды. 13 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Астанада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген көліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері мен азаматтардан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық топ азаматтарды шетелдік көліктерді есепке қоюдың заңдылығына қатысты алдау жолымен, олардың ақшасын ұрлап, 500-ге жуық көлікті заңсыз тіркеуді жүзеге асырды, – деп жазылған хабарламада.
Бір автомобильді рәсімдеу жүргізушілерге 400 мыңнан 1,6 млн теңгеге дейін шығын келтірді. Бұл адамдардың қылмыстық іс-әрекетінің салдарынан мемлекетке төленбеген мемлекеттік баждар мен алымдар түрінде шамамен 1 млрд теңге сомасына залал келтірілді.
Тергеу сотының санкциясымен қылмыстық топтың 9 қатысушысы, оның ішінде Астанадағы мамандандырылған ХҚКО басшысы қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.