×

Түркияда жер сілкінісі болған аймақтарда 13,5 млн адам тұрады

Елде зілзаладан қайтыс болғандар саны 7 108 адамға жетті

 Айгерім Таубай 08.02.2023 | 15:30
AFP 2023 / Muhammad Haj Kadour

Түркияда жер сілкінісі болған аймақтарда 13,5 млн адам тұрады. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Түркияда жойқын жер сілкінісі басталғалы 60 сағат өтті. Елші осы уақыт ішінде Түркиядағы жағдай қалай болып жатқанын, қандай көмек көрсетілгенін айтты.

Соңғы рет осындай жойқын жер сілкінісі 1939 жылы болған. Сол кезде көптеген азамат зардап шекті, қайтыс болды. Кейінгі 84 жылдағы ең жойқын жер сілкінісі 2023 жылдың 6 ақпанында болды, - деді елші.

Ресми ақпаратқа сәйкес, жер сілкінісі таңғы төрт шамасында басталған. Ол елдің 10 провинциясына сезілген.

«Алғашқы жер сілкінісі тіркелген 6 ақпаннан бері жалпы 648 жер сілкінісі болды. Зілзала 10 провинцияға әсер етті. Бұл жерлерде де жер сілкінісі сезілді. Бұл жақтарда 13,5 млн адам тұрады», - деді ол.

Елшінің айтуынша, құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде де жер сілкінісі болған. Жер сілкінісінен кейінгі жұмыстарға Түркияда 100 мың адам жұмылдырылған.

Жер сілкінісі болған жерлерде 5 775 нысан зақымданды. Қайтыс болғандар саны 7 108 адамға жетті. Жарақат алғандар саны 41 мыңға жуықтады, - деді елші.

Елші Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

«Дүйсенбіде алдымен біздің елдің президентіне жеделхат жолдап, содан кейін хабарласып, көңіл айтты», - деп атап өтті Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Екиджи.

Қазірге дейін 75 елден көмек көрсету туралы ұсыныс түскен, 36 ел құтқарушыларын Түркияға жіберді.

Айта кетейік, Түркияның Қазақстандағы елшілігінде көңіл айту кітабы ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді елшілік ғимаратына келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама