Алдын ала деректер бойынша өрт алаңы 50 шаршы метрді құрады
Ақтөбе облысының Алға қаласында электр станциясы өртенді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі ТЖМ-нің Telegram арнасына сілтеме жасап.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бүгін сағат 09:39-да Алға ауданы №6 өрт сөндіру бөлімінің «101» пультіне Айымбетов көшесіндегі Алға электр станциясының ашық жалынмен жануы туралы ақпарат келіп түскен. Шақыру орнына 18 құтқарушы және 4 бірлік техника жіберілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына құтқарушылар келгеннен кейін ғимараттың кіреберіс қақпасының есігі бұзып ашылды. Өртті сөндіру барлық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, көбікпен жүзеге асырылды. Құтқарушылар өрттің көршілес қосалқы станция секцияларына таралу қаупін жойды.
Алдын ала деректер бойынша, өрт алаңы 50 шаршы метр болған. Ол 10 сағат 29 минутта оқшауланып, 10 сағат 40 минутта сөндірілді. Шығу себебі анықталып жатыр.
Ақтөбе облысы ТЖД жергілікті тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.