×

«ҚазМұнайГаз» 900-ден астам мектептің қазақ тіліндегі National Geographic журналына жазылуына көмектесті

ҚМГ мектептерге журналдың 2022 жылғы мұрағатын сатып алып берді

 Халық үні 08.02.2023 | 10:12
photo / kmg.kz

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы National Geographic Qazaqstan журналымен бірлесіп, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының барлық мектебіне (900-ден астам мектеп) қазақ тіліндегі National Geographic журналына тегін жазылым жобасын бастады. Сонымен қатар ҚМГ мектептерге журналдың 2022 жылғы мұрағатын сатып алып берді.

Қызылорда қаласының №264 мектеп-лицейінде өткен іс-шараға ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, National Geographic Qazaqstan бас редакторы Еркін Жақып, қала мектептеріндегі география пәнінің мұғалімдері, орта және жоғары сынып оқушылары қатысты.

Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына толық сай келеді. Бұл жолдағы маңызды қадам жаратылыстану-ғылыми, техникалық бағыттағы журналдарды оқу мәдениетін қайта жандандыру екеніне сенімдіміз. Оқушыларға пайдалы ілім мен жарқын жаңалықтар тілеймін, – деді іс-шарада сөз сөйлеген ҚМГ басшысы.

Мағзұм Мырзағалиев таңдау National Geographic журналына түскені кездейсоқ еместігін, ол әлемнің 38 тілінде жарық көріп, оның мазмұнына әлемнің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан астам зерттеуші жұмыс істейтінін атап айтты. Басылым география мәселелерін ғана емес, тарих, биология, антропология, ғарыш және медицина тақырыптарын да қамтып, оқырманның экология мәселелеріне көңіл бөлуіне әсер етеді. ҚМГ басшысының айтуынша соңғы аталған фактор да ұлттық компанияның саясатына сай келеді, оның маңызды құндылықтарының бірі қоршаған орта қауіпсіздігі.

Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы «National Geographic Qazaqstan» журналының жаратылыстану ғылымдарын насихаттаумен қатар, мемлекеттік тілдегі сапалы контентті дамытуға қосып жүрген үлесін атап өтті.

Салтанатты рәсім кезінде Қызылорда облысы бойынша жазылу сертификаты жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша мектеп олимпиадаларының қатысушысы мен жүлдегері, №264 мектептің 9-сынып оқушысы Санжар Сұлтанбекке табысталды.

Іс-шара соңында National Geographic өкілі жергілікті мектептердің мұғалімдеріне басылымның онлайн және оффлайн ресурстарын қолдану бойынша тренинг өткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама