×

«Нұрбол Назарбаевтың қатысы бар». Қудаланған дәрігер Тоқаевтан көмек сұрады

Тергеу кезінде қысым жасалғаны айтылады

 Айнұр Шошаева 08.02.2023 | 10:37
Фото: Halyq Uni

Қазақстандағы белгілі акушер гинеколог Наурызбай Рақышев үш жылдан бері заң алдында ақтала алмай жүргенін айтып, Президенттен көмек сұрады. 2019 жылы Алматыдағы №1 перзентханасының бас дәрігері ақша боспалады деп айыпталған болатын, деп хабарлайды Halyq Uni.

Дәрігер 2016 жылы Алматы қаласының басшылығынан қаладағы №1 балалар ауруханасына бас дәрігер болуға ұсыныс алғанын айтады.

«Қазақстандағы ең ескі перзентхана әрі қаладағы ең атушылы мекеме болатын. Себебі онда үнемі ана мен бала өлімі тіркелді. Бала сатумен аты шықты, әрі қаржылық жағдайы мәз еместін. Денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымдардың республикалық рейтингі бар. Аталған рейтингте 27 орында тұрды. 2016 жылдан бастап мен оны республикалық рейтингте 1-2 орыннан төмен түсірген жоқпын. Қаржыландыру 400 млн-нан 1,2 млрд-қа ұлғайды, аз уақыт ішінде  еліміздің басқа өңірінен босану үшін әйелдер арнайы келетін болды», – деп бастады ол сөзін. 

Оның сөзінше, 2019 жылдың шілде айында мен еңбек демалысын шығып, орнына уақытша емдеу ісі бойынша орынбасарын тағайындап кеткен. 

«18 шілде күні перзентханада бір әйел қайтыс болды. Келесі күні мені демалыстан жұмысқа шақыртып алды. Келе сала ана өліміне қатысты қызметтік тексеріс жүргізу және ол аяқталғанша орынбасарымнан бастап бірқатар қызметкерді уақытша жұмыстан шеттету туралы бұйрық шығардым. Мені сол кездегі қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев шақырып, бұйрыққа өз қолымен түзету енгізіп, қатаңдатуды сұрады. Ол бұйрықтың түпнұсқасы әлі күнге дейін менде сақтаулы тұр. Басқарма басшысының тапсырмасына сәйкес, ана өлімінің себебі анықталғанша орынбасарымды жұмысынан шеттетіп, қатардағы дәрігер етіп төмендеттім. Басқа қызметкерлерді де жұмыстарынан шеттетіп, төменгі лауазымға қойдым», – деп қосты. 

Ана өліміне қатысты тергеу басталып, оқиғаға қатысты барлық қызметкерлер жауап алу үшін ішкі істер органдарына шақырылады. 

Тергеу басталғанда орынбасарымның зәресі кетті. Ол перхентхананың бұрынғы бас дәрігері, сондай-ақ ішкі істер органдарында істейтін, бұрын бірге тұрған азаматпен сөзбайласып, әйелдің өлімімен байланысты даулы басқа бір даумен жабуға келіседі. Бұрынғы бас дәрігердің туысы бізде фото-бейне түсіру қызметін көрсететін, әрі маған жақын болды. Арасында қысылғанда менен қарызға ақша алып жүрді. Бірде ақша алып, қайтаратын күні Павлодарда жүргендіктен, басқа бір туысы әкеп беретінін айтты. Бір адам келіп «Мен Алмастан келдім» деп ақша берді. Ақшаның бәрі белгіленген екен, іле артынан Антикордың қызметкерлері кіріп келді. Қарызға берген ақшам екенін айтсам да, тыңдамады. Бір мезгілде білікті дәрігерден қылмыскерге айналдым, – дейді дәрігер. 

Сондай-ақ ол бұл іске Болат Назарбаевтың Антикорда істеген ұлы Нұрбол Назарбаевтың қатысы бар деген пікірде. Себебі тергеуге қатысты кейбір құжаттық хаттарда оның аты-жөні көрсетілгенін атап өтті. 

«Соның тапсырмасымен жедел тергеу тобы әрекетке көшіп, 2019 жылдың 1 тамызында ақша бопсалады деп іс тіркеп, келесі күні мені қамауға алды. Тергеу кезінде кез келген әрекетке санкция берілуге тиіс. Істе санкция бар, бірақ онда уақыты көрсетілмеген. Мысалы, медицинадағы кез келген манипуляцияны минутына дейін көрсетіп тіркейміз. Тергеу кезінде маған қысым жасалды, кінәлі болмасам да, мойындауға тура келді. Өйткені ол кезде менің екі балам бар, келіншегім үшінші сәбиімізді күтіп жүрді. Есі дұрыс қандай еркек бостандықта қалуды ойламайды? Екіқабат әйелімді екі баламен қалдырып, түрмеге отырмаймын деп процесуалдық келісімге бардым. Тағылған айыппен келісіп, ірі көлемде айыппұл төледім», – дейді Рақышев. 

Дәрігер үш жылдан бері өзін ақтай алмай жүргенін айтып отыр. Себебі құзырлы органдар іс құжаттарының жойылып кеткенін алға тартты, – дейді ол.

«Енді қазір өзімнің кінәсіздігімді дәлелдей алмай жүрмін. Істің құжатары жоқ. Егер мен кінәлі болсам, санкцияны және оның толтырылған уақытын көрсетсін. Қалалық сот, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Алматы қаласының прокуратурасы мен Антикорға жаздым, басында ол мәліметтер құпия құжат санатына жатқызылғандықтан берілмейтіні жазылған жауап келді. Енді ол мәліметтер жойылғанын айтып отыр. Үш-ақ жыл болған істі қалай жойып жібереді? Перзентханадағы әр әйелдің босану тарихы 25 жыл бойы сақталады. Ал босану журналы өмір бойы сақталып тұрады. Қылмыстық қудалауға қатысты құпия мәліметтер жойылып кетеді. Менің ақталғым келеді. Осыдан кейін қалай ақталамын? Бұл клеймомен өмір бойы жүремін бе?» – деп толықтырды сөзін дәрігер. 

Қазір ол Президент Тоқаевтың атына үндеу жазып, көмек сұрады. Өзін толық ақтап, отандық медицинаны дамытуды жалғастыруды қалайды. Қазір белгілі акушер гинеколог жеке практикамен айналысып жүр. 

«Президент әкімшілігіне жаздым, олар өтінішімді қараған жоқ, қайтадан Алматыға жолдады. «Аталған қүпия жариялауға жатпайды, біздің шешімімізді сотқа бере аласыз» деп жауап берді. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істі қайта ашуға болады, қазір бұл істің артында кім тұрғаны және кімге қанша бергені біртіндеп анықталып жатыр. Ақшаны алып келген адамды өмірімде бірінші рет көрдім. Менің ісімді ұйымдастыруға қатысқан адамдар әлі де перзентханада жұмыс істеп жүр», – деп қорытындылады сөзін Наурызбай Рақышев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама