Петропавл көшесінде тыр жалаңаш жүгірген ер адам қамауға алынды

Халық үні

35 жастағы тұрғынның есірткі пайдаланғаны белгілі болды

Петропавл қаласы, фото: yvision.kz

Әлеуметтік желіде Петропавлдағы Ойқала ықшам ауданында күндіз тыр жалаңаш жүгірген ер адамға қатысты видео тарады.

Көшеге тыр жалаңаш күйде шыққан 35 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Есірткіге еліткен ер адамға «Ұсақ бұзақылық» бойынша материал жиналып, іс сотқа жіберілді.

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 29 қараша күні 1986 жылы туған Петропавл тұрғынына қатысты істі қарады. Құқық бұзушы өз кінәсін мойындады. Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 10 күнге әкімшілік қамауға алуға үкім шығарды.