Түркияда қайтыс болғандар саны 3 381 адамға жетті
Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жедел желіні іске қосты. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінде +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылды. Осы телефон арқылы азаматтар мен олардың туыстары көмек сұрай алады. Жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыс нөмірлері қосымша жарияланады, - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, келіп түскен барлық ақпарат міндетті түрде тексеріледі.
«Жер сілкінісі аймақтарындағы іздеу-құтқару жұмыстары біраз уақыт алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпарат болса немесе азаматтың туыстары байланысқа шықпаса, дереу Сыртқы істер министрлігіне көрсетілген нөмірге немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз», - деді министрліктің ресми өкілі.
Сондай-ақ ол қазақстандық құтқарушыларды жеткізген бортпен Түркиядағы 16 қазақстандық пен 2 қырғызстандық елордаға жеткізілетінін айтты.
«Осы бортпен елге қайтуға ниет білдірген кейбір азаматтарымызды Қазақстанға әкелу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, 18 адам елге қайтуға ниет білдірді. Ол жерде Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы бар. Аталған борт Астанаға келеді. Ұшу уақыты қосымша хабарланады», - деді Айбек Смадияров.
Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі болды. Кейінгі ақпарат бойынша Түркияда жер сілкінісі салдарынан қайтыс болғандар саны 3 381 адамға жетті.