×

Түркиядағы жер сілкінісі: қазақстандықтар үшін жедел желі іске қосылды

Түркияда қайтыс болғандар саны 3 381 адамға жетті

 Дәурен Ерболат 07.02.2023 | 17:44
Фото: Sercan Küçükşahin

Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жедел желіні іске қосты. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінде +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылды. Осы телефон арқылы азаматтар мен олардың туыстары көмек сұрай алады. Жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыс нөмірлері қосымша жарияланады, - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, келіп түскен барлық ақпарат міндетті түрде тексеріледі. 

«Жер сілкінісі аймақтарындағы іздеу-құтқару жұмыстары біраз уақыт алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпарат болса немесе азаматтың туыстары байланысқа шықпаса, дереу Сыртқы істер министрлігіне көрсетілген нөмірге немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз», - деді министрліктің ресми өкілі.

Сондай-ақ ол қазақстандық құтқарушыларды жеткізген бортпен Түркиядағы 16 қазақстандық пен 2 қырғызстандық елордаға жеткізілетінін айтты.

«Осы бортпен елге қайтуға ниет білдірген кейбір азаматтарымызды Қазақстанға әкелу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, 18 адам елге қайтуға ниет білдірді. Ол жерде Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы бар. Аталған борт Астанаға келеді. Ұшу уақыты қосымша хабарланады», - деді Айбек Смадияров.

Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі болды. Кейінгі ақпарат бойынша Түркияда жер сілкінісі салдарынан қайтыс болғандар саны 3 381 адамға жетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама