Halyq Uni логотип
×

Бүгін Түркиядан 19 қазақстандық студент ұшып келеді – СІМ

Түркияда зілзаладан 4 мыңнан аса адам көз жұмды

 Дәурен Ерболат 07.02.2023 | 17:19
Бүгін Түркиядан 19 қазақстандық студент ұшып келеді – СІМ
photo @ Mustafa Karali

Бүгін Түркиядан Астанаға 19 қазақстандық студент ұшып келеді. Бұл туралы Cыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, кеше Түркия мен Сирияның бірқатар провинциясында жер сілкінісі болып, салдарынан ғимараттар қирады.

«Соңғы мәлімет бойынша Түркиядағы жер сілкінісі Қаһарман, Мараш, Газиантеп, Османия, Диарбакир, Шанлыурфа провинцияларында болды. Әртүрлі мәлімет бойынша 4 мыңнан аса адам қаза тауып, 20 мыңнан аса адам зардап шекті. Табиғи апат 13,5 млн тұрғыны бар 10 провинцияға кері әсерін тигізді. Өкінішке қарай зардап шеккендер саны сағат сайын өсіп жатыр. Сирияда кем деген 1,5 мың адам қаза тапты. Алеппо, Идлип, Латакия және Хама провинцияларында көптеген адам қираған ғимараттың астында қалды», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен брифингте.

Қазір Түркиядағы дипломаттар Қазақстан азаматтарымен байланыс орнатуға тырысып жатыр.

Студенттер арасында тиісті хабарлама таратылған. Түркиядағы қазақстандықтарға көмектесу үшін Мерсин және Кония қалаларындағы Қазақстанның құрметті консулдары жұмыс істеуде. Мерсин қаласындағы құрметті консул қонақ үйдегі Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентке пана тауып берді.

7 ақпанда аталған 19 студент құрметті консулдың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді. Бүгін олар кешке Анкара – Астана рейсімен Қазақстанға қайтады.

Сондай-ақ Кония қаласындағы Құрметті консул 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстанбұлға жеткізуге көмектесті», - деді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама