Малға иттің шабуылдағаны дәлелденсе, онда оның иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды
Жамбылда қорадағы қойларға қасқыр емес, иттер шабуылдай бастады. Жамбыл ауданы, Пригородный ауылының тұрғыны Сәуле Тәжімбетованың қорадағы малын көршісінің иті талап кетті. Айтуынша, бұл жағдай бірінші рет емес. Бұған дейін де оның 10 қойы итке жем болған.
«Ішпей-жемей, бала-шағама деп жинап отырған малымды ит қырып кетті. Кеше ғана егіз қозы туған қойымды өлтіріп тастады. Қозылары маңырап қалды. Таңертең қораға кірсем, іші қан-жоса. Қора ішінен екі итті көрдім. Содан сол иттердің иесін табу үшін үйлеріне дейін қуып бардым. Олар ауылдағы үйлердің біріне кірді. Үйде үлкендерден ешкім жоқ екен. Кішкентай қыз шығып, осы үйдің иті екенін мойындады. Полицияға хабарласып, учаскелік инспекторға барлық жағдайды айтып бердім», - дейді ауыл тұрғыны Сәуле Тәжімбетова.
Пригородный тұрғыны бұл иттердің болашақта тек малға емес, адамға да қауіп төндіретінін айтты. Алайда, қорасы қаңырап қалған мал иесі енді кімнен көмек сұрарын білмей отыр.
Полиция өкілдері егер қорадағы малға иттің шабуылдағаны дәлелденсе, онда оның иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын айтады.
«Учаскелік полиция инспекторы барып, екі бас қой мен төрт қозыға шығын келтірілгені анықталды. Қазір істің толық мән-жайы анықталуда. Үй жануарларына иттің шабуылдағаны дәлелденсе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ит иесіне жауапкершілік қарастырылады», - дейді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшы.