Halyq Uni логотип
×

Өлеңті ауылының тұрғындары 800 гектар жердің шетелдік компанияға жалға берілуіне наразы

Әкімдік жерді «Big Farm» компаниясына жалға бермекші

 Ая Өміртай 07.02.2023 | 14:21
Өлеңті ауылының тұрғындары 800 гектар жердің шетелдік компанияға жалға берілуіне наразы
Коллаж: Halyq Uni

Ақмола облысы Ерейментау ауданы Өлеңті ауылының тұрғындары 800 га жердің шетелдік компанияға жалға берілуіне наразы, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ауыл тұрғындары 2022 жылы төрт рет жиналып, қарсылық білдіргенімен жергілікті әкімшілік халық талабына құлақ аспай отырғанын айтады.

«Осы мәселе бойынша аудан әкімдігіне талай рет хабарластық. Бірақ еш нәтеже жоқ. Ауыл адамдарының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Қазірдің өзінде мал бағуға жер жеткіліксіз. Сізден сұрайтынымыз қарапайым халықтың өтініші қараусыз қалмаса екен. Жергілікті билік органдармен бірігіп, халықтың қабылдаған шешімімен санаспастан «Big Farm» компаниясына жерді жалға бермекші», – деді Мәдениет Қанатұлы есімді ауыл тұрғыны Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, 200-ден астам ауыл тұрғыны қарсылық білдіріп, қол жинаған. Сонымен бірге президент Тоқаевтың атына өтініш жолдаған. 

Шетелдік компания ет өндіретін зауыт салмақшы. 20 мың бас мал бордақылауға қосымша 70 мың гектар жер берілмек. Алақандай ауылдың қасынан 20 мың бас бордақылау алаңын салуға қарсымыз. Қазір ауыл тұрғындарының өзіне малға жайылым жер аз. Аудан мен ауыл әкімі халықпен санасып отырған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлынан өтінеріміз, осы мәселе бойынша ауылға арнайы комиссия жіберсе екен, – дейді ауыл тұрғыны. 

Біз Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжановқа хабарласып ала алмадық. Ал ауыл әкімі Алмагүл Мұстафинадан мән-жайды түсіндіріп беруін сұрағанымызбен жауап бермеді. 

Айта кетелік, ашық дереккөздерде «Big Farm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Евгений Вахрушев деп көрсетілген. Кәсіпорын Ерейментау қаласына тіркелген.

Ал ресейлік сайттарда кәсіпорын директорымен аттас Евгений Вахрушев есімді азаматтың атында жеке кәсіпкер ретінде бірнеше кәсіпорын бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама