×

«Өлген адаммен сөйлесуге болады» - регрессолог (ВИДЕО)

Керек десең, періштелерді сөйлетеді

 Халық үні 06.02.2023 | 21:56

Өлген адаммен де сөйлесуге болады. Регрессологтар осылай дейді. Олар о дүниедегілердің рухымен байланысып, өмірдегідей өткен-кеткенді әңгімелей алады-мыс. Керек десең, періштелерді сөйлетеді. Регрессология ілімінің бары рас па? Әлде бұл жындының сандырағы ма? Астана телеарнасының тілшісі ғылымды зерттеп, марқұмдармен өзі тілдесіп көрді. 

Тілші:

Регрессология ілімінің адамға қалай әсер ететінін өзім зерттеп көргім келіп тұр. Ол үшін маған қазір көмектеседі. Мен дәл қазір өзімнің қайтыс болған атаммен тілдескім келеді. Онымен байланыс орнатып, бірнеше сұрақ қойғым келеді. Сіз маған көмектесесіз бе?

Регрессолог алдымен жан тыныштандыратын әуен қойып, бұл өмірдегі барлық болып жатқан оқиғаларды ұмыттыруға тырысты. Құдды бір гипноз секілді. Құлағыма сыбырлап, жол сілтеген кезде о дүниеден бір-ақ шыққанымды байқамай қалыппын. Кенет, өзім сұраған атамның бейнесі алдымнан шықты.

«Жындының сандырағы келеді» деуші ма еді? Ілімді зерттеймін деп, ілмекке ілінгендей күй кештім. Ес жиып, өз-өзіме келгеннен кейін бұның жәй ғана психология екенін ұқтым. Қиял, шіркін, жылдам ғой. Жүйрік ойдың жетегінде кетіп, атамнан естігім келген сөзді өзім аузына салып бердім. Демек, өлгенмен тілдесу мүмкін емес қой деп едім, оған регрессолог былай жауап берді.

«Қайтыс болған адамның рухымен тілдесуге болады. Рухты шақыруға болады. Кей кезде терапияға дайын болып келгендерге рухтар бірден келіп тұрады. Одан қорқудың қажеті жоқ. Бұл ешқандай да қиял емес. Ол шынымен сіздің атаңыз! Тіпті, періштелермен де сөйлесуге болады» - дейді регрессолог Лаура Сүлейменова. 

Періштемен жолықтырып, көрдегі адаммен кездестіретін тағы бір маман бұл талай жанның бақытты болуына септігін тигізген ғылым деп санайды. Тіпті, біз айтатын түйсік те -осы регрессология ғылымының белгісі.

«Біз ішіміз сезді, түйсігіміз білді дейміз ғой. Соның барлығы ішіміздің, рухымыздан келген жауап. Біз соған көп мән бермейміз. Ал, осы регресс терапиясында жатқан кезде адамның миының бәрі тынық болған кезде түйсіктегі нәрсенің барлығы шығады», - дейді регрессолог Айдана Сағынғали. 

Айтпақшы, біз қазір жаңа дәуірге өтіп жатырмыз-мыс. Ол дәуірдің аты - суқұйғыш деп аталады. Жаңа дәуірде адамдар космоспен байланысуды еркін меңгеріп, періштелерімен, инопланетарлықтармен тілдесе алады. Ал, дін өкілдері бұл ақылға сыймайтын, сандырақ – дейді.

«Өлгеннен кейін мәйітпен сөйлесу мүмкін емес. Себебі, адамның тәнін жер қойнына тапсырғаннна кейін оның рухы «барзах» денелерінде болады. Ол жерде егер бұл дүниеде жасаған амалдары ізгі амалдар болса, Аллаһтың нығыметіне бөленеді. Ал, егер күнә амал болып, күнәлі іс жасаған болса, онда тозақ отынан азапталған болып саналады», - дейді Әзірет Сұлтан мешітінің ұстазы Шалқар Жолды. 

Қазір регрессология ғылымына жүгінетіндер көбейген. Бірақ, ілімнің бар-жоғы әлі толық зерттелген жоқ. Оған сеніп-сенбеу де әркімнің өз еркінде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама