×

Астанада полицей мас жүргізушіге буындыру әдісін қолданған (ВИДЕО)

Оқиғағаның мән-жайын қалалық ПД баспасөз қызметі түсіндірді

 Еркеғали Болатұлы 06.02.2023 | 17:45
фото: видеодан скриншот

Instagram-дағы kris.p.astana парақшасында елордалық полицейдің көлік жүргізушісіне күш қолданған әрекеті пайда болды.

Куәгер оқиғаның Уәлиханов көшесі, 23/1 мекенжайының қасында, мешітке қарама-қарсы жерде болғанын жеткізді. Айтуынша, сол жерде екі көлік соқтығысып қалып, оған полицейлер жеткен екен.

Кінәлі өз кінәсін мойындап тұр. Қашып та жатқан жоқ. Бірақ оны саналы түрде ешкім тыңдағысы келмеді. Қанша дегенмен бұлар тәртіп сақшылары ғой, жай адамдар емес. Ер адам тіпті «өтінемін» деп мәдениетті түрде сұрап тұр, бірақ оны тыңдайтын полицейлер жоқ, - деп жазған бейнежазба авторы.

Сондай-ақ бұл оқиғаға қатысты Астана қаласының ПД баспасөз қызметі пікір білдірді.

5 ақпанда тұрғыннан үй ауласындағы автокөлігіне зақым келгені туралы шағым келіп түсті. Полиция қызметкерлері келген бойда ер адамның ішімдік ішкенін, осылайша құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық көрсеткенін анықтады. Осыған байланысты, ер адамды ұстау мақсатында полицейлерге физикалық күш көрсетуге тура келді. Қазір заң бұзған ер адам қамауға алынды әрі қалалық Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығына жеткізілді, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мас жүргізуші қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама