Сайтқа миллоннан астам адам кірген
Негізі сайтқа миллоннан астам пайдаланушы кірді. Оның ішінде 125 мыңнан астам адам ниеттенді. Өтінім берушілер барлық аймақтан қатысты. Ал қай өңірден қанша өтінім қанша уақытта түскені туралы толыққанды мәлімет алдағы күндері жарияланбақ. Бұл туралы Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров бүгінгі брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ал бүгін тіркеле алған азаматтар автосалонға және банкке барып, өтінімдерін рәсімдей беруіне болады.
Бағдарлама жеңілдетілген автонесие деп аталғанымен, ол отбасында немесе адамның өз басында қанша көлігі бар екеніне қарамайды. Тек екі жылда бір рет қана көлік алу құқы бар.
Ал бастапқы 5 секунд ішінде өтінімін беріп үлгергенімен, тіркеле алмай қалғандарға қатысты сайт жасаушыларының сөзі түсініксіз шықты. Олардың айтуынша, «өтінімді берерде браузер мәліметті өңдеп жатқанда қайта-қайта басып, содан тіркеле алмай қалуы мүмкін. Екінші жағынан, интернет провайдерінен де болуы мүмкін. Себеп көп. Бірақ жүйенің өзінде кемшілік болмаған. Дегенмен 125 мың адамның әрқайсында түрлі жағдай болуы мүмкін, сондықтан жеке қарау керек» деумен шектелді.
Сондай-ақ, түрлі жағдаймен тіркеле алмаған азаматтардың түсетін барлық шағымды бөлек қарастыратындарын мәлімдеп отыр.
Айта кетейік, 4%-дық жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдау бүгін басталған еді. Онда 761 адам небәрі 18 секундта сайтқа тіркеліп үлгерді. Оператор өкілінің мәлімдеуінше, бұдан кейін бағдарламада кемі 100 адамның өтінімі қабылданып отырады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін өтінім қабылдана бастаған кезде сайтқа бірден 125 мың адамның кіргені хабарланған еді.
Сонымен қатар, жеңілдетілген автонесиемен кімдердің көлік ала алмайтынын таяуда хабарлаған едік.