Былтыр әлеуметтік-еңбек саласында 1,1 млн проактивті мемлекеттік қызмет көрсетілді
Бүгінде осындай форматпен 23 мемлекеттік қызмет көрсетіледі
2022 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтарға проактивті форматта 1,1 млн түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетілді. 2021 жылмен салыстырғанда осы әдісті пайдаланған алушылардың саны 2 есе өсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде проактивті форматта әлеуметтік-еңбек саласының 23 мемлекеттік қызметі көрсетіледі.
Олардың ішіндегі ең сұранысқа ие болғандары:
- жұмыссыздарды тіркеу (347 мың);
- бала тууға және бала күтіміне жәрдемақы тағайындау (215 мың);
- бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау (179 мың);
- инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен зейнетақы жинақтарының сомасы (мемлекеттік кепілдік) арасындағы айырманы төлеу (127 мың);
- мүгедектікті және/немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау (57 мың).
Бұдан басқа да бірқатар қызметтерді түрлендіру және жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұрын денсаулығынан айырылған азаматтар мүгедектік белгілеу, сондай-ақ оңалтудың жәрдемақылары мен техникалық құралдарын алу кезінде төрт түрлі инстанцияға: емханаға, МӘС бөліміне, ХҚКО-ға және әкімдікке жүгінуге мәжбүр болатын. Енді өтініш беруші тек тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, ал қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен адам қатысуынсыз өтеді.
Мүгедектік белгіленгеннен кейін өтініш берушіге өзіне сеніп тапсырылған техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерді проактивті түрде алу үшін тек келген SMS-хабарламаға жауап беру қажет және мүгедектігі бар адамды оңалту мен абилитация жеке бағдарламасына (ОАЖБ) сәйкес, оған қолжетімді барлық шаралар автоматты түрде әлеуметтік қызметтер порталына жіберілетін болады. Жыл қорытындысы бойынша 55 мыңнан аса азамат ОТҚ және әлеуметтік қызметтерді белсенді түрде ресімдеді.
Бұдан басқа, 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отбасының әл-ауқатын және мемлекеттік қолдаудың тиісті шараларын айқындайтын «Отбасының цифрлық картасы» жұмыс режимінде іске қосылды.
Бұған дейін 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Отбасының цифрлық картасын пилоттық іске қосу жүзеге асырылды. Оның барысында қолдау шараларын әлеуетті алушыларға проактивті форматта мемлекеттік қызметтер көрсетуге келісім алу үшін 77 мың SMS-хабарлама жіберілді және 30 мыңға жуық төлем тағайындалды.