Олар өз балаларымен бірдей жаза арқалаған өзге өңірлердегі жазасын өтеушілер мерзімінен бұрын бостандыққа шығып жатқанын айтты
Таразда түрлі жағдаймен түрмеге түскендердің туыстары заң орындарына өз талаптарын тыңдата алмай жүр. «Балаларымыздың бостандыққа шығатын мерзімі келді» деп шырылдаған ата-аналар Жамбыл облыстық сотының алдына барып, төрағаның түсінік беруін талап етті.
Олардың айтуынша, сотталған азаматтар жазасының басым бөлігін өтеп қойған. Сондай-ақ түрме ішінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін бірнеше рет алғыс хат та алыпты. Ал, мұндай мақтау мен марапат бостандыққа мерзімінен бұрын шығуына едәуір септігін тигізеді екен.
Түрмедегі тәртібі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына қатысты алған мақтау қағаздары құжатқа түсіріліп, бірнеше рет соттың қарауына берілген. Алайда, ата-аналар шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша сотқа жолданған істі қараған судьялар әділетсіз шешім қабылдағанын айтады.
Наразы тарап өз балаларымен бірдей жаза арқалаған өзге өңірлердегі жазасын өтеушілерді жіберіп жатқанын да алға тартып отыр.
«Балам Бектияр Қайратұлы 2018 жылы есірткі тасымалдағаны үшін 6,5 жылға сотталды. Былтыр қыркүйекте жазасының үштен екісін өтеді. Түрмеде отырып алған мақтау қағазы сотқа жіберілді. Мен де «балам үйге келсе, қабылдаймын» деп рұқсатымды бердім. Сосын сот болып, баламның «жазаға тартылған уақыты онсыз да аз» деп, қайтарып жіберді. Баламды босатпады. Апелляцияға бердік, алайда өзгеріссіз қалдырды», - дейді жазасын өтеушінің әкесі Қайрат Досжанов.
Осыдан 10 жыл бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған Асхат Мұсабековтің бостандыққа шығуына 4 жыл қалыпты. Алайда, оның туыстары Асхатқа рақымшылық жасалмағанына қапалы.
Інім бұрын жастық желікпен қылмыс жасап қойды. Алты айға мерзімінен бұрын босатуға жағдайы келіп тұрған еді, бірақ қайтарып жіберді. Кешірім жоғын айтты. Бұның бәрі өтірік. Біз заңды түрде қарсы тараптың кешірімін алғанбыз, - дейді жазасын өтеушінің әпкесі Роза Мұсабекова.
Жамбыл облыстық сотының алдына жиналған бір топ ата-ананың жанайқайына құлақ асу үшін басшылардың ешбірі шыққан жоқ. Шағымданушылармен аз уақыт әңгіме құрған сот өкілдері тиісті құжаттар прокуратураға тапсырылғанын айтты. Ал, бақылаушы орган қызметкерлері пікір білдіруге үзілді-кесілді қарсы болды.
Облыстық соттан да, прокуратурадан да мардымды жауап ала алмаған ата-аналар Қазақстан президентіне ашық хат жазуды жоспарлап отыр.