Mudarabah Capital ісі: жәбірленуші сотталушылардың қоқан-лоқы көрсеткенін айтты
Ер адам қаржы пирамидасына 80 миллион теңге салған
Алматыда Astex.kz және Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты сот процесі жалғасып жатыр.
6 ақпанда өткен сот отырысында жәбірленуші Ердос Қабыкен сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, екі пәтерін сатып, қаржы пирамидасына 80 миллион теңге салған.
«Бұл ұйымға ақша салғанша тек вайнер ретінде Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаевты білетінмін. Олардың бұл іске қатысты барын да білмедім. (...) Досым Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Андрей Чамен таныстырды. Ол маған бәрін түсіндірді. Содан кейін Mudarabah Capital ЖШС-ның құрылтайшыларының тізімін Egov.kz сайтынан алдым. Оның ішінде Бұрқанов және вайнерлер болды. Содан кейін әрқайсының әлеуметтік желідегі жеке парақшасын тексердім. Mudarabah Capital-дың ресми сайтына кіріп, Тимур Рүстемовтің видеосын көрдім. Ол жерде мұның мұсылмандық жүйе және сенімді екенін айтқан», - дейді Ердос Қабыкен.
Жәбірленуші вайнерлердің жарнамасына сенгенін айтты.
Вайнерлердің парақшасында Mudarabah Capital жарнамасы тұрды. Олар үшінші тарап ретінде емес, «біздің компания» деп жарнамалаған. «Ақшаны біз қабылдаймыз», «бірге ақша табайық» деген сөздері болды, - дейді жәбірленуші.
Содан кейін Ердос Қабыкен Mudarabah Capital ЖШС кеңсесіне барған.
«2020 жылдың 22 қарашасында Астанадағы пәтерімді саттым. Ақшаның бір бөлігін – 5 миллион теңгесін жүйені тексеріп көру үшін салдым. Андрей Чаның кабинетінде келісімшартқа отырдық. Astex.kz кім деп сұрадым. Ол «теңқұқылы серіктес» деп жауап берді. «Біз бірге жұмыс істейміз. Тендер бойынша жұмыста 15 жылдық тәжірибеміз бар» деп жауап берді», - деді Ердос Қабыкен.
Айтуынша, 5 миллион теңге салғаннан кейін бір ай күткен. Бір айдан кейін табыс ретінде 500 мың теңге алған.
Осылайша өзім салуды жоспарлаған қаражатты құямын деп шештім. Екінші пәтерімді 66 миллион теңгеге саттым. Жалпы қолма-қол ақшамен 80 миллион теңге салдым. Құжатта Astex.kz компаниясының мөрі басылған, ал келісімшартта Mudarabah Capital деп көрсетілген, - дейді ол.
Төлем жасағаннан кейін уәделі уақытында ақша аудармаған. Содан кейін жәбірленуші тізімде бар барлық вайнер мен компания құрылтайшыларына хат жазған.
«Маған ешқайсысы жауап бермеді. Бірақ менің хатымды барлығы оқыды. Мейіржан Төребаев мені жеке парақшасынан өшіріп, бұғаттап тастады. Олар мені оңаша кездесуге шақырды. Ол жерде Бұрқанов, Шерниязовпен таныстым. Жалпы 5 адам болды. Сол жерге барып, өзімнің ақшамды талап еттім. Олар бандит сияқты маған қоқан-лоқы көрсете бастады», - дейді жәбірленуші Ердос Қабыкен.
MUDARABAH CAPITAL ІСІ
2022 жылдың ақпанында Алматыда Mudarabah capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету бойынша айып тағылды. Олардың ішінде вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов қамауға алынып, тағы бір вайнер Азимжан Саидбаев шетелге қашып кеткен.
Айта кетейік, Алмас Құрманғалиевке қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағы («қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету») және 262-бабының 1-бөлігінде («ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінді.
Ержан Мансұров, Ерлан Мансұров, Дания Рахимова, Руслан Бұрқанов, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Самат Қасенов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі 1 және 2 тармағында және 262-бабы 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке ілінген.