Halyq Uni логотип
×

Қазан мен пышақ қосылмайды: Астанада қыз жасауын толық қамтитын дүкен ашылды

Кәсіпкер қыз жасауына қосылатын әрбір заттың өзіндік орны мен мән-мағынасы барын айтты

 Наима Нұрәлі 06.02.2023 | 12:05
Қазан мен пышақ қосылмайды: Астанада қыз жасауын толық қамтитын дүкен ашылды
photo / Halyq Uni

Елордада қыз жасауын толық қамтитын «Diadem.home» дүкенінің таныстырылымы өтті. Ерекше дүкеннің ашылғанына жылдан асқан.

Қазақ халқы қыз бала дүниеге келіп, бойжете бастағаннан-ақ көрпе, сырмағын дайындауға көшкен. Қыздың жасауын дайындау үшін арнайы базарға барып, сол базардағы заттарды бір күнде емес, айлап жүріп таңдап алатын болған. Ал бүгінде қыз жасауына қажеттінің барлығын бір дүкеннен табуға болады. Кәсіпкер Махаббат Сыздықова кез келген қалыңдықты xанның қызындай ұзатуға мүмкіндік жасалып отырғанын айтады.

«Дүкеніміз астанада болса да, еліміздің түкпір-түкпірінен іздеп келетіндер бар. Өзім үш ұлдың анасымын. Жиенім ұзатыларда жасауын жинауға біраз уақыт кетті. Сол кезде барлығы бір жерден табылса ғой деп ойладым. Міне осындай ойдан дүкеніміз ашылды. Бұрынғы қыз жасауынан бүгінгі қыз жасауы заманауилығымен ерекшеленеді. Бұрын қазақ үшін «малым – жанымның садағасы» болып, бағалы саналса, қазір үй-тұрмысына керекті заттарға сұраныс жоғары», - дейді Махаббат Сыздықова.

Кәсіпкер қыздың мәртебесі мен мерейін өсіретін факторлар – артынан келген жасауы емес, сол елді бақытты етейін, көсегесін көгертіп, отанасы болып, ұрпақ тәрбиелейін деген асыл ниеті деп отыр.

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейтін сөз бар. Десе де бүгінде қыз жасауы тек ата-бабадан қалған әдет-ғұрыпқа құрмет көрсетудің, дәстүрді келер ұрпаққа көрсетіп, сабақтастырудың жолы екенін ұмытпағанымыз жөн. Қыз жасауына қосылатын әрбір заттың өзіндік орны мен мән-мағынасы бар. Қазақтың салт-дәстүрімен сандық, он үш көрпе, бес жастық беріледі. Кей өңірлерде бес жастық беріледі. Он үш көрпенің алтауы – жамылатын, бір «құдағи» көрпе, қалған алтауы – төр көрпе. Жамылатын көрпелердің тыстары бірге беріледі. Тағы бір ерекшелік, ырым бойынша қыз жасауына қазан қосып беруге болмайды. Жасауға қоспайтын екінші зат – пышақ. Себебі, пышақтың жүзі өткір болғандықтан, келіннің тілі өткір болмасын, жаңа құдалар арасына кикілжің орын алмасын деп ырымдайды», - деді Махабат.

Айта кетейік, «Diadem.home» дүкені Сарайшық көшесі, 36 мекенжайында орналасқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама