Екібастұзда салафизм жақтаушысы бұрынғы әйеліне өзінің нәжісін жаққан

Динара Амантай

Соттың шешімімен ер адам 5 тәулікке қамауға алынды

Фото: Halyq Uni

Екібастұз қаласының тұрғыны сауда орталығында бұрынғы әйелін қорлаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 29 қаңтарда Екібастұз қаласының тәртіп сақшыларына әйел адам көмекке жүгінген. Полиция 22 қаңтарда 47 жастағы ер адамның бұрынғы зайыбына барып, жанжал шығарғанын анықтап, қорғау ұйғарымын шығарған болатын. Алайда 29 қаңтарда ол сауда үйлерінің бірінде әйелге нәжісін жағып, үстіне жасыл дәрі құйып жіберген және оған балағат сөздер айтқан. Осылайша, ол қорғау ұйғарымын бұзған.

Бұған қоса, ер адамның деструктивті ағымның, яғни салафизмнің жақтаушысы екендігі анықталды.

Ұсақ бұзақылық және қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ол ҚР ӘҚБтК-нің 434 және 461-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал сотқа жіберілді, оның шешімімен ер адам 5 тәулікке қамауға алынды.