×

Түркістан облысында Қаңтар оқиғасына қатысты 6 қылмыстық іс сотқа жолданды

20-дан астам күдікті қамалды

 Халық үні 24.03.2022 | 17:25
коллаж: Halyq Uni

Түркістандық полицейлер қаңтар оқиғасына қатысты 6 қылмыстық істі сотқа жолдады. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбеков мәлімдеді.

Түркістан облысы ПД тергеушілерінің, сондай-ақ қала, аудандық полиция бөлімшелерінің іс жүргізуінде облыс бойынша төтенше жағдай кезінде тіркелген 17 қылмыстық іс болды. Оның ішінде 6 тонау, 3 бұзақылық, 2 заңсыз қару сақтау дерегі, 2 есірткі заттарын сақтау фактісі, бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша 1, көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі – 1, ТЖ кезінде жұмысқа кедергі жасаумен 1 жайт анықталды. Тергеушілер аталған істер бойынша дәлелдемелер жинау үшін ауқымды әрі тыңғылықты жұмыстарды жүргізді, – деді Қалдарбеков.

Тәртіп сақшылары 20-дан астам күдіктіні ұстап, қамауға алды. Олардың ішінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 14 тұрғын блок-бекеттерде құрықталды. Тергеушілер 14 күдіктіге қатысты 8 қылмыстық істі Алматы қаласының полиция департаментіне жолдады. Ал 6 қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.

«Мысалы, жаппай көтерілістен кейін 8 қаңтарда облыс орталығының «Ынтымақ» блок-бекетінде тәртіп сақшылары ішінде екі жолаушысы бар Yutong автокөлігін тоқтатты. Жолаушылар - жергілікті тұрғындар. Олардан 3 телефон, 5 фотоаппарат, ноутбук, 11 алтын бұйым, жаңа киім мен аксессуарлар, сондай-ақ 200 мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдіктілердің айтуынша, олар тәркіленген мүлікті Алматы қаласындағы көшелердің бірінде орналасқан тұрмыстық техника дүкені мен зергерлік дүкеннен жаппай тәртіпсіздікке қатысу барысында ұрлаған. Аталған жайтты полицейлер қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі (тонау) бойынша тіркеді. Күдіктілер қамалды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары Алматы қаласының прокуратурасына жолданды. Сол күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Шардара ПБ полицейлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлерімен бірге Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде жедел уәкілдер құрықталған адамның үйінен жалпы салмағы шамамен 9 келі болатын марихуана есірткісін, ИЖ автоматын, 30 патрон мен үш жиналмалы пышақ тапты. Аталған дерек қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) мен қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-бөлігі (жалған ақпарат тарату) бойынша тіркелді. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары айыптау актісімен бірге Шардара ауданының сотына жіберілді», – деді ол.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама