Үш ұл, бір қызды тәрбиелеген қарт перзенттерінен қайыр жоқ екенін алға тартады
Үш ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірген қария қарттар үйін паналауға мәжбүр. Жалғызілікті қария 48 жылдан бері пәтер жалдап, жалғыз өзі тұрып келген, деп хабарлайды ЭК.
Ақсақалмен кездейсоқ кездесіп қалған көлік жүргізушісі оны видеоға түсіріп алған. Қария ер адамнан Қарағандыға дейін жеткізіп тастауын сұранған көрінеді. Бейнежазбаны Facebook қолданушысы жариялады.
Жаңа бір ата «Қарағандыға бармайсың ба, балам?» деді. Соған көмектесіп жатырмын. Неге көшіп жатқанын сұрасам, балалары қарттар үйіне жіберіп жатыр екен. Масқара иә?, - дейді ер адам.
Жүргізуші зейнеткер атамен аз-кем сөйлескен. Ақсақалдың айтуынша, өзі заңгер мамандығы бойынша оқыған екен. Балаларының барлығы әке жолын қуған.
Үлкен ұлым Қарағанды облысында тергеуші. Екінші ұлым прокурор, - дейді зейнеткер.
Үш ұл, бір қызды тәрбиелеген қарт перзенттерінен қайыр жоқ екенін алға тартады. Айтуынша, ұлдарын 6 жылдан бері көрмепті. Қызымен де жүздеспегеніне бірнеше жыл болған.
Қария 48 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген. Жұбайы қайтыс болған.
Бұл видеоны көрген желі қолданушылары қарттар үйін паналауға мәжбүр болып отырған қарияға жанашырлық танытып, перзенттеріне сана беруін тіледі.
«Жетесіз балалардан Құдай сақтасын», «Бүйтіп артына ұрпақ қалдырмай-ақ қойғаны жақсы. Жанашыр жан серігі - кемпірі де ерте кетіп қалыпты-ау», «Алла сақтасын! Бала берсең, сана берген деген осы екен», «Алла тағала сізге жар болсын», «Алла жазасын оңдырмай береді. Бірақ ол кезде кеш болады», «Елдің ортасында әкесін үкіметке өткізіп, ел тізгінін қалай ұстап отыр?» деп жазды желі қолданушылары.