Олар іздестіру операциясы барысында құрықталды
Іздестіру операциясы барысында ел аумағында іздеудегі 353 қылмыскер ұсталды.
ІІМ республика аумағында ТМД елдерімен бірлесіп, іздестіру операциясын өткізді. Операция барысында республиканың криминалдық полиция қызметкерлері ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін іздеудегі қылмыскерлерді құрықтау бойынша бірқатар арнайы операция өткізді, – деп хабарлайды полиция.
Мәселен, Қостанай облысының Лисаковск қаласында бастамашының іздестіру тапсырмасы бойынша, Талдықорған қаласында бұрынғы жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін осы жылғы қаңтардан бастап Алматы облысының ПД іздестіруіндегі Талдықорған қаласының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Ақтөбе облысының Алға қаласында 2021 жылғы қыркүйекте мейрамханада пышақ жарақаттарын келтіріп, облыс орталығының екі тұрғынын өлтіруге оқталғаны үшін іздеуде жүрген Ақтөбе облысының 52 жастағы тұрғыны құрықталды. Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында Қызылорда облысының ПД жедел тобы 2021 жылғы маусымда Қызылорда қаласында туындаған жанжал барысында пышақ жарақаттарын салып, 25 жастағы жігітті өлтіруге оқталғаны үшін іздеудегі 43 жастағы қызылордалықты ұстады. Алматы қаласында Жамбыл облысының ПД жедел тобы 37 жастағы ер адамды құрықтады. Ол 2021 жылғы мамырда Жамбыл облысы Мерке ауылында 13 жастағы тұрғынды зорлаған. Шымкентте Ташкент қаласында жұбайын өлтіргені үшін 2003 жылғы сәуірден бастап іздеуде жүрген 59 жастағы Өзбекстан азаматшасы ұсталды. Нұр-Сұлтан қаласында жәбірленушілерге тиесілі Audi-80 көлігін иемденіп алу мақсатында екі адамды өлтіргені үшін 1997 жылғы қыркүйектен бастап Ростов облысының ІІБ іздестіруіндегі РФ-ның 52 жастағы азаматы құрықталды. Ақтау қаласында «Мухамед» азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 2008 жылғы қыркүйектен бастап Түрікменстанның Ашхабад қаласының ІІББ іздестіруіндегі 55 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Осымен бірге, операция барысында ТМД елдері аумағында мемлекетіміздің құқық қорғау органдарының іздестіруіндегі адамдар құрықталды, – делінген ақпаратта.
Мәселен, РФ Хабаровск аймағында қылмыстық іздестіру қызметкерлері атыс жарақаттары бар мәйіті Теміртау қаласының шетінде табылған қала тұрғынын ұрлау және оны өлтіру сыбайласы ретінде 2015 жылғы тамыздан бастап іздестірудегі Теміртау қаласының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Өзбекстанның Ташкент қаласында Сарығаш қаласының кәсіпкерінен 25 млн теңге бопсалағаны үшін биылғы наурыздан бастап іздеудегі Түркістан облысының 30 жастағы тұрғыны құрықталды. Тәжікстанның Соғды облысынан 2019 жылғы қазанда Шымкент қаласында «Сүндет» дәмханасында атыс қаруын қолданып, кісі өлтіргені үшін Шымкент қаласының ПД іздестіруіндегі Қазақстанның 27 және 30 жастағы азаматтары ұсталды. Самар облысының Тольятти қаласында Павлодар облысының ПД іздестіру тобы 2020 жылғы маусымда Қазақстан аумағында «Қазпошта» АҚ ақпараттық жүйесіне заңсыз қол жеткізу арқылы адамдар тобымен қайталама транзакциялар құрып, 294 млн теңге жымқырған 39 жастағы ер адамды құрықтады.
Қабылданған шаралар арқасында операцияның 10 күнінің қорытындысы бойынша, іздестірудегі 353 қылмыскер анықталып, ұсталды. Оның ішінде кісі өлтірген үшін – 11, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 17, қарақшылық шабуылдар жасағаны үшін – 5, тонаулар – 8 және қорқытып, иемденгені үшін – 1 адам анықталып, құрықталды, – делінген мәліметте.
Оның ішінде:
Сонымен қатар 122 хабар-ошарсыз жоғалғанның тұрған жері анықталды. Оның ішінде 4-еуі ТМД елдерінің іздестіруіндегі (РФ – 3 және Өзбекстан – 1), 3 танылмаған мәйіттің жеке басы сәйкестендірілді.