«Петропавл-Алматы» пойызының вагонынан өрт шықты

Динара Амантай

Арнайы құрылған комиссиясы болған оқиғаның себептерін тексеріп жатыр

Фото: Halyq Uni

«Петропавл-Алматы» пойызының техникалық вагонынан өрт шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеше сағат 21.57-де Қарағанды облысының Аршалы – Анар учаскесінде құрамның соңында орналасқан техникалық вагондағы өрттің салдарынан №105/106 «Петропавл – Алматы» пойызының қозғалысы тоқтатылды. Пойызда 235 жолаушы болған. Өрттен зардап шеккендер анықталмады. Өрт толықтай сөндірілді.

Жолаушыларды ауыстыру және Алматы станциясына дейін жеткізу үшін Астанадан жеті купелі және бір плацкарттық вагоннан тұратын бір реттік пойыз жөнелтілді, – делінген ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Арнайы құрылған комиссия болған оқиғаның себептерін тексеруге кірісті.

Стандартты вагондардан жасақталған пойызбен сапарға шыққан жолаушыларға «Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және теміржол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау» қағидаларына сәйкес белгіленген тәртіппен жол жүру құнының айырмасы төленетін болады.