×

Сотталғандардың бірі балталанған: СҚО-да түрменің басшылары жұмыстан қуылды

5 қызметкер әртүрлі қатаң тәртіптік жазаға тартылды

 Еркеғали Болатұлы 03.02.2023 | 16:18
фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде болған жағдайдан кейін мекеме басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлады облыстық прокуратура.

Былтыр қараша айында қамауда отырған ер адам өзге сотталғанды басынан балтамен бірнеше рет ұрған. 46 жастағы ер адам аудандық ауруханаға шұғыл жеткізілді. Бірақ ол сол жерде есін жимастан қайтыс болды. Ал 27 жастағы жігітке қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалды.

Мұндай аса ауыр қылмыс жасауға түрмеде мүлдем бақылаудың болмауы себеп болды, - дейді облыс прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов.

Қадағалаушы орган басшыларды жазалау туралы ұсыныс енгізді. Соның нәтижесінде түрме басшысы мен орынбасары қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, 5 қызметкер әртүрлі қатаң тәртіптік жазаға тартылды.

Еске сала кетсек, төтенше жағдай Новоукраинка ауылында орналасқан №51 мекемеде болған. Бір аптадан кейін облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов қызметінен босатылып, 17 қарашада оның орнына полицияның генерал-майоры Берік Біләлов келген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама