×

Алматыда біраз әнші мен театр әртісі де алимент төлеуден жалтарып жүр

Айына мың теңгеден аударып, жауапкершіліктен құтылып кететін әккілер де бар

 Еркеғали Болатұлы 03.02.2023 | 15:20
фото: Владислав Воднев

Алматыда сот орындаушыларға жалғызбасты әйелдерден 18 мыңға жуық арыз түскен. Анасымен қалған 20 мыңнан аса баланың тағдыры жауапкершіліктен қашып жүрген әкелерді еш алаңдатпайды. Қашқын әкелердің берешегі 3 миллиард теңгеден асып жығылады. Өткен жылы сот орындаушылардың көмегімен 100 миллион теңге өндірілген. Қарыздарын қайтарудан жалтарып жүргендердің ішінде шіріген байлар, әншілер мен театр әртістері де бар.

Арасында танымал актерлер, қалталы азаматтар бар. Байлығына қарамастан жұмыс орнынан ең төменгі жалақы алатыны туралы анықтама әкеледі. Біз заң бойынша барлық мүлкін тексереміз, жағдайының жететінін дәлелдей алсақ, табыстарынан төлетеміз, – дейді аймақтық жеке сот орындаушылар палатасының жетекшісі Айдын Қайдаров.

«Еуразия» телеарнасының хабарлауынша, қаладағы ең үлкен қарыз 10 миллион теңгеден асады. Сот орындаушылар оның 7 миллион теңгесін өндіріп берген. Борышкерлер арасында 2 мыңға жуық әке бір тиын да төлемеген. Олардың тұрақты жұмысы жоқ, тауып берген жұмысты да істемейді. Әкімшілік олардан еш нәтиже шықпаса, бұл санаттағылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Өткен жылы 217 хаттама толтырылды. Оның 100-ден астамы сотқа жолданып, сот шешімімен берешегін өтемей жүргендер қамауға алынды. Биыл 24 хаттама толтырылып, оның ішінде 15 борышкер әкімшілік қамауға алынды, – дейді мемлекеттік сот орындаушы Мадияр Ділмағамбетов.

Былтыр 14 көлік тәркіленіп, айып тұрағына қойылған. Көлік иелері қарыздарын бірден жауып тастаған. Тек біреуінің көлігі сатылып, ақшасы бала-шағасына берілді. Сот орындаушылардың айтуынша, заңдағы олқылықтарды жоймаса, жауапсыз еркектерді тезге салу мүмкін емес. Өйткені айына мың теңгеден аударып, жауапкершіліктен құтылып кететін әккілер де бар екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама